Accessibility links

"Трансгендер әйелге күш көрсету ісі" бойынша сотта жәбірленуші сұралды


Жәбірленуші тұтқын Виктория Берікқожаева сот отырысынан кейін. Алматы облысы Өтеген батыр ауылы, 3 наурыз 2020 жыл.
Жәбірленуші тұтқын Виктория Берікқожаева сот отырысынан кейін. Алматы облысы Өтеген батыр ауылы, 3 наурыз 2020 жыл.

3 наурызда Алматы облысы Іле аудандық сотында "трансгендер әйелге жыныстық зорлық көрсету және азаптау" бойынша істе жәбірленуші ретінде Виктория Берікқожаева сұралды. Сот жабық түрде өтіп жатыр.

- Тергеу кезіндегі ұстанымым өзгерген жоқ. 6 наурызда өтетін келесі сот отырысында куәгерлер сұралады. Бүгін сотта әйтеуір қолымнан кісенді алып, адвокаттың жанына отырғызды, - деді Виктория Берікқожаева. Ол Азаттық тілшісіне осыны айтып үлгерді. Сот отырысынан кейін оны қарауыл алып кетті.

Виктория Берікқожаеваның айтуынша, бұған дейін судья жабық сот процесіне қатысушылардан залдан ақпарат бермеу туралы қолхат беруді талап еткен. Ал Берікқожаева қолхатқа қол қоймағандықтан соттан ақпарат таратуға құқығы бар деп санайды.

Берікқожаеваның адвокаты Айман Омарова қолхат бергендіктен түсініктеме бере алмайтынын айтты. Азаттық тілшісі процестегі өзге тараптардан пікір ала алмады.

Тергеу басталғалы бері Берікқожаева (жәбірленуші тұтқын ретінде) Алматы маңындағы тергеу изоляторында отыр. Өткен жылы күзде ұсталған айыпталушы ұлттық қауіпсіздік қызметінің бұрынғы қызметкері С.А. да тергеу изоляторында. Екеуін де сотқа бөлек автозакпен апарып әкеліп жүр. Бұған дейін Берікқожаева айыпталушы С.А.-ның сотта адвокатпен әйнек қоршау арқылы сөйлесе алатынын, ал жәбірленуші ретінде өзіне мұндай мүмкіндік берілмегеніне шағымданған еді.

Алматы облысы Жауғашты ауылындағы әйелдер түрмесінде отырған Вкитория Берікқожаеваның мәлімдемесінен кейін трансгендер әйелдің зорлық-зомбылыққа ұшырауы туралы қылмыстық іс 2019 жылы жазда қозғалған. Бұл іс Айман Омарованың мәлімдемесінен кейін көпке жетті. Күзде іске азаптау бабы қосылды. Берікқожаеваның айтуынша, ол бойынша бір адамға айып тағылғандықтан екі эпизод та бір өндіріске біріктірілген. Қазан айында ҰҚК қызметкері қамауға алынды.

Берікқожаеваның айтуынша, тергеу кезінде оған тікелей және жанама (өзге адамдар арқылы) түрде қысым жасалып, оны қарсы тараппен келісімге келуге мәжбүрлеуге тырысқан.

Виктория Берікқожаева - трансгендер-әйел. 2016 жылы ірі көлемде алаяқтық жасады деген айыппен ұсталып сотталған. Ол кездегі құжатта ер адам деп көрсетілді, кейіннен дәрігер консультациясынан кейін бір-ақ оны әйелдер камерасына қамады.

Халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен Батыс елдері үкіметтері Қазақстан билігін түрмедегі азаптауды тоқтатуға бірнеше рет шақырған. Еуропарламент былтыр наурыздағы қарарында Қазақстанда "тұтқындар мен күдіктілерді азаптау" қалыпты жағдайға айналғанын айтқан. АҚШ мемлекеттік департаменті әлемдегі адам құқығының ахуалы туралы биыл жариялаған есебінде Қазақстанда түрмеде отырғандарды азаптау, ұрып-соғу тыйылмай тұрғанына назар аударған.

Оқи отырыңыз: "Жазасыз қалмасын". Түрмеде зорлық көргенін мәлімдеген трансгендер

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG