Accessibility links

Құқық қорғаушылар: Қазақстан, Тәжікстан, Ресейдің экстремизм заңында репрессивті әдіс басым


"Ресей, Қазақстан, Қырғызстан мен Тәжікстандағы экстремистік саясат. Салыстырмалы шолу" зерттеуін жүргізген топтың жиыны. 5 наурыз 2020 жыл.
"Ресей, Қазақстан, Қырғызстан мен Тәжікстандағы экстремистік саясат. Салыстырмалы шолу" зерттеуін жүргізген топтың жиыны. 5 наурыз 2020 жыл.

5 наурызда Нұр-Сұлтанда құқық қорғаушылар мен белсенділер «Ресей, Қазақстан, Қырғызстан мен Тәжікстандағы экстремистік саясат. Салыстырмалы шолу» зерттеу жұмысының қорытындысын жариялады. Жобаны терроризм, экстремизм мен адам құқықтары бойынша азаматтық ынтымақтастық платформасының жұмыс тобы мүшелері дайындаған. Олар 2019 жылдан бастап Орталық Азиядағы терроризм, экстремизмге қатысты заңнамалардың қолдануын зерттеген.

Құқық қорғаушылар Қазақстан, Тәжікстан және Ресейдегі экстремизм заңында репрессивті әдіс басым екенін айтады.

Қазақстандық құқық қорғаушы «Қадыр-қасиет» қоғамдық ұйымының жетекшісі Анар Ибраева елде кейінгі екі жылда «экстремизмді насихаттады» деп үш жүз мыңнан астам вебпарақша бұғатталып, 19 мың сайттың жұмысы шектелгенін айтты. Сөзінше, «Қадыр-Қасиет» қорының да сайты бұғатталған.

Анар Ибраеваның айтуынша, Қазақстанда экстремизм-терроризм айыбымен сотталғандар жазасын өтеп жатса да не өтеп келсе де қара тізімге енеді, шоттары бұғатталады, әлеуметтік көмектерді ала алмайды, олар автоматты түрде басқа құқықтарынан айырылады.

- Адам құқықтарын шектеудің шегі болуы керек. Содан соң соттың үкімі жария түрде естілуі тиіс. Ұйымды, адамды не үшін экстремист деп саналғанын білуіміз керек. Ол үшін сот оның себебін анық түсіндіруі қажет. Әйтпесе, себепсіз үкімге сену қиын, - деді Анар Ибраева.

Оқи отырыңыз: 174-бап бойынша сотталғандардың өз құқықтары үшін күресі

Ол адам құқығы мәселесіне келгенде министрлік өкілдері, дипломаттар ғана емес президент те назар аударуы керек деп санайды.

Тәжікстандық «Азаматтық бостандық офисі» қоғамдық ұйымының өкілі Музаффарджан Бободжановтың сөзінше, Тәжікстандағы құқық қорғаушылар бұл тақырыпта сөз қозғамас бұрын ойым шенеуніктер пікірімен сәйкес келмей қала ма деп қорқады. Ол күздегі президент сайлауы алдында елде экстремизммен күрес деген желеумен түрлі істер көбейгенін айтады.

Құқық қорғаушылар билік жиында айтылған ұсыныстарға назар аударады деп үміттенеді.

Тәжікстан мен Қазақстанда билік өзін жиі сынайтын оппозициялық қозғалыстарды «экстремистік ұйым» деп танып, қызметіне тыйым салған. Елдің жоғарғы соты 2016 жылы «Тәжікстанның ислам жаңару партиясын» «экстремистік ұйым» деп танып, қызметіне тыйым салған. Ал Қазақстан 2018 жылы наурызда Нұр-Сұлтан соты шетелде тұратын экс-банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов құрған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысын «экстремистік ұйым» деп атап, оған тыйым салғаню 2019 жылы наурызда Еуропарламент қабылдаған қарарында ҚДТ-ны «бейбіт оппозициялық ұйым» деп атаған. Елде ҚДТ қозғалысын қолдаған ондаған белсенді «экстремистік ұйым жұмысына араласты» деп жауапқа тартылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG