Accessibility links

Путин Мемлекеттік кеңесті басқарып, билікте қалу ойы жоғын айтты


Ресей президенті Владимир Путин.
Ресей президенті Владимир Путин.

Ресей президенті Владимир Путин президенттік өкілеті аяқталғаннан кейін Мемлекеттік кеңесті басқармайтынын айтты. 6 наурызда Иваново қаласында қоғам өкілдерімен кездесу кезінде Путин қос биліктің "Ресейге зиян екенін" айтты.

"Мемлекеттік кеңеске ерекше өкілет беріп, оны басқару туралы ұсынып жатыр. Демек, бұл қос билік болады деген сөз ғой. Ал бұл Ресейге зиян" деді Путин.

Ол сонымен бірге билікті сақтап қалу үшін түрлі "амал-тәсілдерге" жүгінбейтінін де жеткізді.

"Маған жұмысым ұнайды. Бірақ билік өкілетін сақтап қалу үшін қандай да бір амал-тәсілдерге жүгіну - осы нәрседен қорқамын және оны жасағым да келмейді" деді Путин.

Дегенмен оның ойынша, мемлекетте тұрақтылық орнап, "сеніммен нық тұрып, қажетті ресурс жинап алғаннан кейін" ғана биліктің ауыспалылығын қамтамасыз ету керек. Сондықтан Конституцияға жаңа түзетулер алдағы 30-50 жылдың сұранысы мен талаптарын ескере отырып енгізіледі. Бірақ қазірден бастап биліктің ауыспалылығы принципін бекіту керек.

Ақпан айының ортасында Путин федералдық жиынға жолдауы кезінде Конституцияны өзгерту туралы бастама көтерген. Атап айтқанда, негізгі заңдағы Мемлекеттік кеңестің мәртебесі мен рөлін бекітуді ұсынған. Оппозиция өкілдері Путин осылайша 2024 жылы президенттік мерзімі аяқталған кезде Мемлекеттік кеңесті басқарып, билікте қалғысы келеді деп қауіптенеді. Ал Путин бұл тұжырымды жоққа шығарады.

Оқи отырыңыз: Ресейдің де өз «елбасы» бола ма және Путин Назарбаевтың жолымен жүре ме?

Бұл бастамадан кейін Дмитрий Медведев үкіметі отставкаға кетті. Медведевке Ресей қауіпсіздік кеңесі басшысының орынбасары қызметі ұсынылды. Бақылаушылар сол кезде Медведевтің қызметінің өскенін атап өткен.

Мемлекеттік кеңес - президент жанындағы кеңесші орган. 2000 жылы құрылған органды Ресей президенті басқарады. Мемлекеттік кеңеске федералдық жиын палатасының төрағалары, аймақтағы президенттің тұрақты өкілдері мен мемлекеттік дума фракциясының жетекшілері мүше.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG