Accessibility links

Ресейдің де өз «елбасы» бола ма және Путин Назарбаевтың жолымен жүре ме?


Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин Петропавлдағы көрмеде қамшыны көріп тұр. 9 қараша 2018 жыл.
Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин Петропавлдағы көрмеде қамшыны көріп тұр. 9 қараша 2018 жыл.

Ресей президенті Владимир Путин Конституцияны өзгерту туралы ұсынысынан кейін сарапшылар «Кремль билік транзитіне қадам жасағандай» деген пікір айта бастады. Ресей Конституциясы өзгерсе, келесі сайланатын президенттің билігі шектеледі. Саясаттанушылар Ресейдегі жағдайды бұрынғы басшысы президенттіктен кетсе де, биліктің бір тармағын ұстап отырған Қазақстанмен де салыстыра бастады. Сарапшылар «Ресейде де Қазақстандағыдай сценарий жартылай болса да қайталанады» деп топшылайды.

Ресейдегі биліктің негізгі бөлігін уысында ұстап отырған Владимир Путин 15 қаңтардағы жолдауында ел Конституциясын өзгертіп, парламентке, губернаторлар мен шенеуніктер кіретін Мемлекеттік кеңеске жаңа өкілеттерді беру туралы айтты. Яғни, Путин Мемлекеттік думаға премьер-министр мен министрлерді бекіту құқығын, Федерация кеңесіне Жоғарғы сот пен Конституциялық соттың судьяларын қызметтен алу және күштік құрылымдардың басшыларын тағайындалуын қадағалауды ұсынды. Бұдан бөлек, Путин Конституцияны өзгертіп, президентке екі реттен артық сайлануға тыйым салғысы келеді. Бұл өзгерістер келесі сайланатын президенттің билігін шектеуі мүмкін.

«КЕТТІМ ДЕП ОРНЫНДА ҚАЛУ»

Путиннің Конституцияны өзгерту туралы ұсынысынан кейін сарапшылар Ресей билік транзитіне дайындалып жатыр деген ойларды айта бастады.

Путиннің президенттік өкілеті 2024 жылы аяқталады және ол Конституция бойынша қайта сайлауға түсе алмайды. Ресейлік саясаттанушылар 20 жылдан бері билікте отырған (16 жыл президент, төрт жыл премьер болған) Путин қазір сол билікті сақтап қалу жолын іздеп жатыр деп санайды.

Путиннің ұсынысын Қазақстандағы жағдаймен салыстырып жатқандар да бар. 2017 жылы Қазақстан президенті болып тұрған Нұрсұлтан Назарбаев конституциялық реформа туралы мәлімдеп, парламент пен үкіметтің рөлін арттыру жайлы айтты. Елде Конституция өзгеріп, «Қауіпсіздік кеңесі туралы заң» қабылданды. 2018 жылы Қауіпсіздік кеңесін конституциялық орган етіп, рөлін арттырды. Ал «елбасы» Назарбаев Қауіпсіздік кеңесін өмір бойы басқаруға мүмкіндік алды. Осылай Қазақстан «билік транзитіне» дайындалған еді. 2019 жылы наурызда Назарбаев президенттіктен кетіп, орнына үзақ жылдар бойы серіктесі болған Қасым-Жомарт Тоқаевты қойды. Бірақ Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы және биліктегі «Нұр Отан» партиясының лидері ретінде мемлекеттік басқаруға ықпал етіп отыр. Қазіргі президент Тоқаев – Қауіпсіздік кеңесінің мүшесі және елдегі кейбір министрлер мен маңызды орындарға тағайындауды Назарбаевпен ақылдасуы тиіс.

Ресейлік және шетелдік сарапшылар Путиннің бастамасынан Қазақстандағы жағдаймен біраз ұқсастық байқаған. Олар Путин «қазақ сцераниімен» жүреді деп санайды.

– Қазіргі президентке жаңа қызмет ойлап табу керек. Кету қажет, бірақ ешқайда кетпейтіндей жасау керек болып тұр. Қазіргі президенттің өкілеті бір немесе бірнеше органға бөлінбек. Қазақстанда бұл – Қауіпсіздік кеңесі. Біздегі жағдайға қарасақ, бұл – Мемлекеттік кеңес, Қауіпсіздік кеңесі, Федерация кеңесі және Мемлекеттік дума, – дейді ресейлік саясаттанушы Екатерина Шульман YouTube желісіндегі видеоблогында.

«Альтернатива» зерттеу орталығының директоры, қазақстандық саясаттанушы Андрей Чеботарев Путин мен Назарбаевтың билік транзиті әрекетінде нақты айырмашылықтар барын айтады.

– Путин президенттік өкілеті 2020 жылы аяқталса да, билік транзитіне дайындықты бастап кетті деп ойлаймын. Ол президенттіктен кетпей тұрып жүйені реттеп алғысы келеді. Ал біздің «елбасы» президенттіктен кетіп, билік жүйесіне қатысты әрекеттер жасай бастады. Путин президенттіктен кетпей тұрып, бұл жүйенің қалай жұмыс істейтінін, кейін олқылықтар мен қауіптер болмас үшін көріп алғысы келеді. Бұған қоса, Конституцияны өзгерту ниетінде де айырмашылық бар. Бізде Конституцияға өзгеріс енгізбей Қауіпсіздік кеңесі туралы заң қабылдады. Ал Путин бұл жерде заңға сай әрекет жасап отыр. Ол осы арқылы билік тармақтары арасында тепе-теңдік орнатып көрмек, – дейді Чеботарев.

«ТРАНЗИТТІҢ» БҰЛЫҢҒЫР КОНТУРЫ

ТМД және Орталық Азия бойынша сарапшы, ресейлік саясаттанушы Аркадий Дубновтың пайымдауынша, Путин Мемлекеттік кеңестің заңды өкілетін күшейтіп, өзіне қарай ыңғайлағысы келеді және кейін осы кеңесті басқаруы да мүмкін. Сарапшы Путиннің бұл әрекетін Назарбаевтың Қауіпсіздік кеңесін басқару әдісіне ұқсатады.

— Бірақ, менің ойымша, Қазақстандағы жағдайды билік транзитінің процесі деп атауға болатындай. Биліктің біраз бөлігі бірінші президенттен екінші президентке беріліп жатыр. Қазір елде екі билік орталығы бар, дуализм деп, тіпті «шизофрения» деп те атауға болады. Себебі қазақстандық номенклатура өкілдері қазір елде биліктің шынайы орталығын, соңғы шешім қабылданатын жерді анықтай алмай жатқандарын айтып жүр. Дегенмен, Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет басшысы ретінде біраз өкілетті өз қолына алып, қазір оларды жүзеге асырып жатыр. Транзиттің, билік табыстаудың сипаты да осы. Ал Мәскеудегі жағдайға қатысты дәл бұлай айту қиын, – дейді Дубнов.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (сол жақта) пен Ресей президенті Владимир Путин (оң жақта) Омскіде өткен аймақаралық қарым-қатынас форумында. 7 қараша 2019 жыл.. 7 ноября 2019 года.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (сол жақта) пен Ресей президенті Владимир Путин (оң жақта) Омскіде өткен аймақаралық қарым-қатынас форумында. 7 қараша 2019 жыл.. 7 ноября 2019 года.

Ресей ғылым академиясының шығыстану институты Орталық Азия және Кавказды зерттеу орталығының жетекшісі Станислав Притчин де «Қазақстан мен Ресейдегі билік транзитінің моделі ұқсас» дегенмен «аса келіспейді».

— Қазақстанда транзит болды және қазір жүзеге асып жатыр. Ал Ресейде транзит дайындық үстінде. Оның контуры бұлыңғыр. Ізбасары да белгісіз. Путиннің 2024 жылы президенттіктен кеткеннен кейінгі қызметі де анық емес. Нұрсұлтан Әбішұлында елдің бірінші президенті ретінде «елбасы» деген конституциялық статус бар. Қауіпсіздік кеңесін өмір бойы басқарады, биліктегі партияның лидері. Ал Ресейде мұндайды көріп отырған жоқпыз. Әрине, Қырғызстан мен Қазақстанның әрекетінің қай тұсын алуға болады, қай тұсы керек емес деп қарастырылды. Бірақ Ресейде жүйе күрделі. Себебі бұл процеске әсер ететін факторлар мен ойыншылар көп, — дейді Притчин.

РЕСЕЙДЕ ДЕ «ЕЛБАСЫ» БОЛА МА?

Батыс басылымдары 2019 жылы Назарбаев президенттіктен кеткенде «бұл қазақстандық сценариді алда Ресей де пайдалануы мүмкін, Путин де өзіне жоғарғы арбитр рөлін іздейді» деп жазған еді. Шетелдік басылымдар Путиннің 15 қаңтардағы жолдауындағы Конституцияны өзгерту ұсынысынан кейін бұл тақырыпқа қайта оралды.

«Дмитрий Медведевтің премьер-министрліктен кетіп, Путин басқаратын Қауіпсіздік кеңесіне баруы Путиннің Қазақстанның жолын көшіріп алуға тырысып жатқанын көрсетеді» деп жазды Washington Post.

Ал ресейлік кейбір басылымдар Путин ұсынған конституциялық реформадан оның биліктен кетпейтінін аңғартты деп жазып жатыр.

«Ресейде патша болады. Оның есімін бәрі де біледі. Ал патша әзірге қандай қызметте болатынын (президент, Мемлекеттік кеңес басшысы не Қауіпсіздік кеңесінің басшысы) шешпеді» деп жазады «Новая газетаның» шолушысы Юлия Латынина.

Публицист Иван Давыдов Republic газетіндегі мақаласында «Путин бізбен мәңгі қалатынын жариялады. Енді бізде Владимир Абишевич не Нұрсұлтан Владимирович бар. Яғни, өзіміздің елбасымыз бар» деп жазды. ​

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) пен Ресей президенті Владимир Путин қала күні мерекесінде. Мәскеу, 7 қыркүйек 2019 жыл.
Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) пен Ресей президенті Владимир Путин қала күні мерекесінде. Мәскеу, 7 қыркүйек 2019 жыл.

Дубновтың ойынша, сыртқа Мәскеу Қазақстанда жүріп жатқан билік транзитін база ретінде алған сияқты көрінуі мүмкін, бірақ Ресейде болып жатқан жағдай Қазақстаннан айырмашылығы бар.

— Осымен іс бітті дегендей Путин Конституцияға өте көп түзету енгізуді ұсынды. Назарбаев енді мемлекет басшысы қызметіне қайта орала қоймас. Ал Путин де солай жасайды деп айту қиын. Себебі оның жасы әлі келген жоқ, іске жарамды лидер. Сондықтан 2024 жылдан кейін Ресейдің жоғарғы билігі қалай болатынын ешкім дөп басып айта алмайды. Иә, қазірше бұл қазақстандық әдіске ұқсайды. Бірақ бұл уақытша ғана, - дейді Дубнов.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG