Accessibility links

"Трансгендер әйелге күш көрсету ісі" бойынша сотта куәгер сұралды


Жәбірленуші тұтқын Виктория Берікқожаева сот отырысынан кейін. Алматы облысы Өтеген батыр ауылы, 6 наурыз 2020 жыл.
Жәбірленуші тұтқын Виктория Берікқожаева сот отырысынан кейін. Алматы облысы Өтеген батыр ауылы, 6 наурыз 2020 жыл.

6 наурызда Алматы облысы Іле аудандық сотында "трансгендер әйелді азаптау және жыныстық зорлық көрсету ісі" бойынша сот процесі жалғасты. Бұл істе жәбірленуші ретінде тұтқын Виктория Берікқожаева танылған. Ал ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы қызметкеріне айып тағылған.

Жұма күнгі сотта куәгер ретінде Жанна Өмірова сұралды. Бұл ақпаратты жабық сот отырысынан кейін өзі де растады, бірақ соттан ақпарат таратпау туралы қолхатқа қол қойғандықтан жай-жапсарын айтудан бас тартты.

Бұған дейін Өмірова Facebook-та іске қатысты көзқарасын білдіріп, жәбірленуші Берікқожаева мен оның адвокаты Айман Омарованы айыптай сөйлеп, айыпталушы - ҰҚК-нің бұрынғы қызметкерін қорғаштаған.

Жанна Өмірова.
Жанна Өмірова.

Азаттық тілшісі 6 наурыз күнгі сот отырысынан кейін Берікқожаевадан қысқа комментарий алды. Жәбірленушінің айтуынша, сот отырысында куәгер Өміровадан сұрақ-жауап алынған. Куәгер сөзіндегі "қарама-қайшылыққа" байланысты судья тергеуші мен куәгерді көзбе-көз кездестіруді тапсырған.

Азаттық тілшісі прокурор мен айыпталушының адвокаттарының бірінен жауап алуға тырысқанмен жауап ала алмады.

Азаттық терроризмді насихаттау бойынша айыпталып, сотталған Жанна Өмірова туралы бірнеше рет жазған. 2017 жылы Алматы облысы Жауғашты ауылындағы әйелдер түрмесіне түскен ол, адвокат Айман Омарованың айтуынша, түрме әкімшілігі мен ҰҚК қызметкерінің қысымына шыдай алмай суицид жасауға тырысқан. Ол 2019 жылы түрмеден босап шықты.

Алматы облысы Жауғашты ауылындағы әйелдер түрмесінде отырған Вкитория Берікқожаеваның мәлімдемесінен кейін трансгендер әйелдің зорлық-зомбылыққа ұшырауы туралы қылмыстық іс 2019 жылы жазда қозғалған. Бұл іс Айман Омарованың мәлімдемесінен кейін көпке жетті. Күзде іске азаптау бабы қосылды. Берікқожаеваның айтуынша, ол бойынша бір адамға айып тағылғандықтан екі эпизод та бір өндіріске біріктірілген. Қазан айында ҰҚК қызметкері қамауға алынды.

Виктория Берікқожаева - трансгендер-әйел. 2016 жылы ірі көлемде алаяқтық жасады деген айыппен ұсталып бір жылдан соң жеті жылға сотталған. Ол кездегі құжатта ер адам деп көрсетілді, кейіннен дәрігер консультациясынан кейін бір-ақ оны әйелдер камерасына қамады.

Халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен Батыс елдері үкіметтері Қазақстан билігін түрмедегі азаптауды тоқтатуға бірнеше рет шақырған. Еуропарламент былтыр наурыздағы қарарында Қазақстанда "тұтқындар мен күдіктілерді азаптау" қалыпты жағдайға айналғанын айтқан. АҚШ мемлекеттік департаменті әлемдегі адам құқығының ахуалы туралы биыл жариялаған есебінде Қазақстанда түрмеде отырғандарды азаптау, ұрып-соғу тыйылмай тұрғанына назар аударған.

Оқи отырыңыз: "Жазасыз қалмасын". Түрмеде зорлық көргенін мәлімдеген трансгендер

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG