7 наурызда Қазақстанға коронавирустан көп зардап шегіп жатқан елдерден келген 73 адам қызуы көтеріліп, ауруханаға жатқызылған. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
Олардың көбі Қытай, Италия, Оңтүстік Корея, Иран сынды Covid-19 вирусы тараған елдерден келген. Министрлік 73 адамның 26-cы ауруханадан шығарылғанын хабарлады. Қалғаны бақылауда.
Қазақстанның бас санитарлық дәрігерінің қаулысымен Қытай, Иран, Жапония, Оңтүстік Корея, Италия, Германия, Франция, Гонконг, Швеция, Таиланд, БАӘ, Сингапур, АҚШ, Малайзия, Ирак, Кувейт, Ұлыбритания, Швейцариядан келгендер 10-14 күндік ауруханаға я үйге карантинге жіберіледі.
Қазақстан үкіметінің мәліметінше, елде коронавирус жұқтырғандар жоқ.
Қазір әлемде Covid-19 вирусын жұқтырғандар саны жүз мыңнан асып кетті. Дерттен үш мыңнан астам адам көз жұмды. Қытайдың Ухань қаласынан шыққан вирус әлемнің 90-ға жуық еліне тарады. Оңтүстік Корея, Иран, Италия вирустан көп зардап шегіп жатыр.
7 наурызда Қытай билігі елде коронавирус жұқтырғандар саны азайып келе жатқанын хабарлады.
Қазақстан Қытай, Иран, Оңтүстік Корея, Әзербайжанмен мен әуе қатынасын шектеді. Қазақстанның индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігі Ақтау және Құрық порттарында Әзербайжан мен Ираннан келетін кемелерге қызмет көрсету уақытша тоқтатылатынын хабарлады.
ПІКІРЛЕР