Accessibility links

"Балаларды үйден шығармай отырмыз". Иран қазақтары коронавирус жайлы


Тегеран көшесінде кетіп бара жатқан тұрғындардың бірі. 4 наурыз 2020 жыл.

Қытайда тараған коронавирустан ең көп зардап шегіп жатқан елдердің бірі Иранда, 4 наурыздағы дерек бойынша, кемінде 92 адам көз жұмды. Covid-19 вирусын жұқтырғандар саны 2800-ден асты. Дертке шалдыққандар арасында ел парламентінің 33 депутаты бар. Ирандағы қазақтары вирус тараған соң көшеде адам азайып, сақтық шаралары күшейгенін айтады.

"САБАҚ ТОҚТАҒАНЫНА ОН КҮННЕН АСТЫ"

Иранның Гүлстан аймағындағы Горган қаласының тұрғыны, этникалық қазақ Мехран Пилтан елде коронавирус шыққалы жұмыс уақыты қысқарғанын, қала көшелерінде адам аяғы азайғанын айтады.

- Мектеп пен университеттерде сабақтың тоқтағанына он күннен асты. Таңертең бетімізге маска тағып, қолымызға қолғап киіп, дүкенге барып, керек-жарағымызды, нан-суымызды әкеліп аламыз да, үйден шықпай отырамыз. Балаларды үйден мүлдем шығармай отырмыз. Сыртқа шығып келген соң және үйдегі есіктердің тұтқасын ұстағаннан кейін қолымызды неше мәрте сабындап жуамыз. Қолымызды жумай тұрып бетімізге, ернімізге тигізбейміз. Көшеде адам жоқ. Бей-берекет көшеге шығуға билік те тыйым салған, - дейді Горганға жақын маңдағы газ өңдеу зауытында жұмыс істейтін Мехран.

Мехранның сөзінше, Иран билігі теледидар арқылы жергілікті халыққа "Күн ысығаннан кейін вирус өзінен-өзі жойылады. Соған дейін сақтаныңыздар" деп ескертіп жатыр.

Өзі тұратын аймақтың Каспий теңізіне жақын орналасуына байланысты күннің әлі салқын, жаңбырлы екенін айтқан Мехран "Иранның оңтүстігінде ауа температурасы 30 градусқа дейін ысып кетті. Сол себепті ол жақта вирус жұқтырғандар бізбен салыстырғандар аз" дейді.

Өміріне қауіп төнген дәрігерлердің көңіліне би медеу

Иран: Өміріне қауіп төнген дәрігерлердің көңіліне би медеу
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:02 0:00

Ирандағы этникалық қазақтар негізінен елдің солтүстігінде, Каспий теңізіне жақын орналасқан Гүлстан аймағына қарасты бірнеше қалада шоғырланған. Орталығы – Горган қаласы.

Ал Горганнан 100 шақырымдай жердегі Гумбет қаласында тұратын Дәулетбай Ескелді мұғалім екенін, "вирусқа байланысты он күннен бері мектеп карантинге жабылғанын" айтады.

- Карантинге байланысты қазір үйдемін. Наурыздың соңына дейін мектепте сабақ болмайды. Үйдің жанында баламның дүкені бар еді. Соны бүгін (2 наурызда) ойланып-ойланып, әрең аштым. Кеше мүлдем сауда болмады. Бұрын сауда жақсы жүретін. Дүкеніміздің қасында нан пісіріп сататын орын бар еді. Ол да жабық тұр. Қазір жұрт ұнды алып, нанды үйінен пісіріп жатыр, - дейді ол.

Дәулетбай Ескелді өзі тұратын Гумбет қаласында вирустың табылмағанын, сонда да адамдардың сақтық шарасын қатаң сақтап отырғанын айтады.

"ТЫЙЫМ САЛҒАНЫМЕН ЖҰМА НАМАЗЫНА БАРЫП ЖҮРМІЗ"

Гүлстан облысы Бендер-Түркімен қаласында тұратын этникалық қазақ Мұса Уәлидің сөзінше, қаладағы дәріханаларда қолға арналған дезинфекциялық сұйық заттар тапшы.

Ирандағы Бендер Түркімен қаласы. Суретті Иран қазағы Мұса Уәли жолдады.
Ирандағы Бендер Түркімен қаласы. Суретті Иран қазағы Мұса Уәли жолдады.

- Бендер-Түркімен тұрғындары коронавирус қаупін онша сезінбей тұр. Өйткені көшеде жүрген қарапайым адамдардың басым бөлігінде маска жоқ. Мысалы, дәріханаларда дезинфекция жасайтын сұйық заттар жоқ. Бір жағы бәрі тапшы. Сондықтан өзіміз үкіметтің нұсқауы бойынша үйден шықпай, қолымызды жиі-жиі жуып, сақтанған болып отырмыз, - дейді ол.

Уәлидің айтуынша, телеарна арқылы Гүлстан облысында 24 адамның вирус жұқтырғаны айтылған.

Бендер-Түркіменнің тағы бір тұрғыны 73 жастағы Саттарбай Уәли жергілікті тұрғындар бұрынғысынша жұма намазына мешітке барып жүргенін айтады.

- Үкімет жұма намазға баруға тыйым салғанымен, біз тоқтатқан жоқпыз. Әлі барып жүрміз, - деді ол.

Иранда тұратын этникалық қазақтардың нақты саны туралы ресми мәлімет жоқ. Кей деректерде ол елде 3-5 мың аралығында қазақ бар деп көрсетіледі.

Иранда коронавирус жұқтырғандар саны күн санап өсіп барады. Қауіпті аурудан қайтыс болғандар арасында депутаттар, шенеуніктер, аятолла Әли Хаменеидің кеңесшісі де бар. АҚШ Иран елдегі вирустан қаза болғандардың шынайы санын жасырып отыр деп санайды. Иран президенті Хасан Роухани коронавирус елдің 31 провинциясына тарағанын мәлімдеді. Тегеран вирус мәселесі қысқан тұста түрмеде отырған 55 мың адамды уақытша босатты.

КОРОНАВИРУС: ҚАЗІРГІ ЖАҒДАЙ

Қазір әлемде коронавирус жұқтырғандар саны 93 мың адамға жетті. Қаза болғандар 3200-ге жетті. Олардың басым бөлігі Қытайда. Бұл вирус әлемнің 82 еліне тарады. Наурыздың 4-і күні Польша, Украина, Аргентина, Марокко, Андорра өз аумағында вирус тіркелгенін мәлімдеді.

Вирус тараған Қытайда қазірге дейін 80 мыңнан астам адам дертке шалдығып, 2800-ден астамы көз жұмды. Оңтүстік Кореяда 5328 адамнан вирус табылып, 35 адам бақилық болды. Жапонияда вирус жұқтырғандар мыңнан асты.

Оңтүстік Кореяда көшені дезинфекциялап жүргендер. Сеул, 4 наурыз 2020 жыл.
Оңтүстік Кореяда көшені дезинфекциялап жүргендер. Сеул, 4 наурыз 2020 жыл.

Наурыздың 4-індегі дерекке сай, Италияда 2706 адам вирус жұқтырып, 107 адам қайтыс болды. Елдегі мектептер мен университеттер наурыздың ортасына дейін жабылды.

Ұлыбританияда вирус жұқтырғандар саны 80-нен асты. Францияда 257, Германияда 203 адамнан, АҚШ-та 127 адамнан вирус табылды. Үндістан дәрі тапшылығы болмас үшін кейбір дәрі-дәрмекті экспорттауға шектеу қойды.

ҚАЗАҚСТАН ҚАНДАЙ ШАРА ҚАБЫЛДАП ЖАТЫР?

Қазақстан денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, елде коронавирус жұқтырғандар жоқ. Сыртқы істер министрлігі вирус табылған елдерде 95 мыңдай қазақстандық жүргенін хабарлады. Үкімет жағдай ушығып кетсе қазақстандықтарды эвакуациялау жағын қарастыратынын мәлімдеді.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының кеңесі

Қазақстанға Иран, Қытай, Оңтүстік Кореядан оралғандар 14 күндік карантинге жатқызылады. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, 6 қаңтар – 1 наурыз аралығында Қытайдан Қазақстанға 32 мыңнан астам адам өткен. Қазір 315 адам (64 қазақстандық, 251 шетелдік, оның 248-і - Қытай азаматтары) карантинде жатыр.

Қазақстанның индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігі наурыздың 5-інен бастап Ақтау және Құрық порттарында Әзербайжан мен Ираннан келетін кемелерге қызмет көрсету уақытша тоқтатылатынын хабарлады. Бұған қоса наурыздың 5-інен бастап Нұр-Сұлтан-Баку әуе рейсі де тоқтатылады. Қазақстан Иранға әуе рейстерін наурыздың 1-інен бастап тоқтатқан.

Қазақстан денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов "елде мектеп, балабақшаларды жабуға негіз жоқ" деді.

Коронавирус шуынан соң Қазақстан дәріханаларында медициналық маска тапшылығы байқалған.

Қазақстанда медициналық маска тапшы
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:20 0:00

  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

ПІКІРЛЕР

AzattyqTV

Коронавирус деген не? Бүлдіршіндерге түсіндіреміз
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:41 0:00
XS
SM
MD
LG