Accessibility links

Мұнай бағасы құлдыраған тұста Тоқаев дағдарысқа қарсы жедел штаб құрды


Қасым-Жомарт Тоқаев

9 наурызда, әлемде мұнай бағасы түсіп, доллар бағасы өсіп жатқан тұста, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтанда үкімет мүшелері және ұлттық банк төрағасымен жиын өткізіп, әлемдегі экономикалық жағдайды және оның Қазақстан экономикасына әсерін талқылады. Бұл туралы Ақорда сайты хабарлады.

9 наурыз таңертең Нұр-Сұлтан мен Алматыдағы ақша айырбастау пунктерінде доллар 397 теңгеден сатыла бастаған. Кейін түс ауа Нұр-Сұлтан мен Алматыдағы кейбір ақша айырбастау орындары доллар сатуды тоқтатты. Дүйсенбі – елде жұмыс күні емес (8 наурыздағы мереке жексенбіге келгендіктен дүйсенбі демалыс деп жарияланған), сондықтан Қазақстан қаржы фондында валюталық сауда жүріп жатқан жоқ.

Ақорданың хабарлауынша, Тоқаев "үкіметке халық алдындағы әлеуметтік міндеттерді толық орындауды" тапсырды және дағдарысқа қарсы жоспар түзетін жедел штаб құрды.

Кейін Тоқаев Twitter парақшасында штабты премьер-министр Асқар Мамин басқаратынын, мемлекет қосымша жұмыс орындары ашылатынын жазды.

Өткен аптаның соңында Венада ОПЕК, Сауд Арабиясы және Ресей мұнай бағасын ұстап тұру үшін өндірісті азайтуға келіссөз жүргізген. Бірақ Венадағы жиында тараптар келісе алмады. Кремль ОПЕК ұсынысын қолдамады. Осыдан соң Сауд Арабиясы "баға соғысын" бастап, Азия үшін мұнай бағасын барреліне үш-төрт долларға, АҚШ үшін жеті долларға дейін түсіріп жіберді.

Дүйсенбіде Ресей рублі де 2016 жылғы рекордтық деңгейіне түсіп, бір доллар 72,72 рубль болды.

9 наурызда Brent маркалы мұнай барреліне 36 доллардан сатылып жатыр. 2014 жылғы сауда соғысы кезінде бұл бренд бағасы 30 долларға дейін құлдыраған. Мұнай бағасының түсуінен Ресейде бюджет дефициті болып, рубль арзандауы мүмкін.

Ресей экономикасының Қазақстан экономикасына ықпалы бар. Себебі Қазақстан Ресейдің экономикалық серіктесі әрі Мәскеу басқаратын Еуразиялық экономикалық одаққа кіреді. Бұдан бөлек, мұнай Қазақстан экономикасының негізгі табыс көзі саналады. Мұнай бағасы құлдыраса, теңге құнсызданып, долларға шаққандағы құны көтеріліп кетеді. Осының салдарынан елде азық-түлік бағасы да өсе бастайды.

ПІКІРЛЕР

AzattyqTV

Әкімдік солтүстіктен оңтүстікке көшкен бес балалы шаңырақты сотқа бермек
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:49 0:00
XS
SM
MD
LG