Accessibility links

Үкімет пен ұлттық банк азық-түлік, қызмет бағасын ұстап тұруға уәде берді


Мұнай бағасы түсіп, доллар құны қымбаттаған тұста Қазақстан үкіметі мен ұлттық банк халыққа үндеу жариялап, үкімет халық алдындағы міндеттерін толық орындайтын шаралар қабылдайтынын, маңызды емес шаралардан бас тартып, бюджет шығындарын азайтатынын мәлімдеді.

Үкімет азық-түлік, маңызды тауарлардың, қызмет бағасының негізсіз өсуіне жол бермеуге уәде берді. Бұдан бөлек, үкімет пен ұлттық банк жұмыс орындарының, қызметкерлердің қысқаруына жол бермей, еңбекақыны уақтылы төлейтіндерін, халықтың еңбек құқығының сақталатынын да мәлімдеді.

Ұлттық банк валюта нарығын тұрақтандыру үшін интервенция жүргізбек.

"Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі валюта нарығындағы тұрақтылықты сақтау үшін шаралар қабылдайды" деп жазылған үндеуде.

Үкімет пен Ұлттық Банк "елде әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты сақтау үшін елде қажетті ресурстар бар" деп сендірді.

Осыдан он жыл бұрын, 2009 жылы бір доллардың құны 150 теңге шамасында болған. 2014 жылғы девальвациядан кейін доллар 185 теңгеге өсті. Қазақстан 2015 жылы теңгені еркін айналымға жіберіп, валюта бағамын реттеп отырудан бас тартатқан. Осыдан соң доллар 350 теңгеге дейін жетті. Қазақстан теңгені еркін айналымға жібергенімен Ұлттық банк бірнеше рет интервенция жасап, валюта бағамын ұстап тұруға миллиондаған доллар қаражат жұмсаған.

9 наурызда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мұнай арзандаған тұста "үкіметке халық алдындағы әлеуметтік міндеттерді толық орындауды" тапсырып, үкіметте дағдарысқа қарсы жоспар түзетін жедел штаб құрды.

9 наурыз таңертең Нұр-Сұлтан мен Алматыдағы ақша айырбастау пунктерінде доллар 397 теңгеден сатыла бастаған. Кейін түс ауа Нұр-Сұлтан мен Алматыдағы кейбір ақша айырбастау орындары доллар сатуды тоқтатты. Дүйсенбі – елде жұмыс күні емес (8 наурыздағы мереке жексенбіге келгендіктен дүйсенбі демалыс деп жарияланған), сондықтан Қазақстан қаржы фондында валюталық сауда жүріп жатқан жоқ.

Өткен аптаның соңында Венада ОПЕК, Сауд Арабиясы және Ресей мұнай бағасын ұстап тұру үшін өндірісті азайтуға келіссөз жүргізген. Бірақ Венадағы жиында тараптар келісе алмады. Кремль ОПЕК ұсынысын қолдамады. Осыдан соң Сауд Арабиясы "баға соғысын" бастап, Азия үшін мұнай бағасын барреліне үш-төрт долларға, АҚШ үшін жеті долларға дейін түсіріп жіберді.

Дүйсенбіде Ресей рублі де 2016 жылғы рекордтық деңгейіне түсіп, бір доллар 72,72 рубль болды.

9 наурызда Brent маркалы мұнай барреліне 36 доллардан сатылып жатыр. 2014 жылғы сауда соғысы кезінде бұл бренд бағасы 30 долларға дейін құлдыраған. Мұнай бағасының түсуінен Ресейде бюджет дефициті болып, рубль арзандауы мүмкін.

Ресей экономикасының Қазақстан экономикасына ықпалы бар. Себебі Қазақстан Ресейдің экономикалық серіктесі әрі Мәскеу басқаратын Еуразиялық экономикалық одаққа кіреді. Бұдан бөлек, мұнай Қазақстан экономикасының негізгі табыс көзі саналады. Мұнай бағасы құлдыраса, теңге құнсызданып, долларға шаққандағы құны көтеріліп кетеді. Осының салдарынан елде азық-түлік бағасы да өсе бастайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG