Accessibility links

АҚШ-тың Ирактағы базасына шабуыл жасалып, 2 сарбаздың көз жұмғаны хабарланды


АҚШ-тың Ирактағы әскери базасы. Мұрағаттан алынған сурет.
АҚШ-тың Ирактағы әскери базасы. Мұрағаттан алынған сурет.

АҚШ-тың Ирактағы әскери базасына ондаған шағын зымыран снаряды түсіп, бір британ, екі америкалық сарбаз қаза тапты, бірнеше адам жараланды. Бұл ақпаратты АҚШ-тың лауазымды тұлғаларына сілтеме жасаған халықаралық басылымдар хабарлады.

Лауазымды тұлғалар шабуылды кім жасағанын айтпаған. Алайда Пентагон өткен жылы осыған ұқсас шабуылдарды Иран қолдайтын жасақтар жасады деп мәлімдеген еді.

Биыл жыл басында Иран АҚШ-тың Ирактағы әскери базасын зымыранмен атқылаған. Соның кесірінен 110 сарбаздың бас сүйегі зақымданған. Тегеран мұны 3 қаңтарда Бағдатта өлтірілген ирандық әскербасы генерал Касем Сүлейманидің өлімі үшін "кек алу" деп атаған.

Пентагон, АҚШ мемлекеттік департаменті мен Ақ үй шабуылға байланысты әзірге түсініктеме бермеді.

11 наурызда АҚШ пен Ұлыбритания шабуыл жасағандарды жауапкершілікке тартуға уәде берді. АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео және Ұлыбританияның сыртқы істер министрі Доминик Рааб телефонмен сөйлесіп, "кінәлілер жауапкершілікке тартылуы керек" десті. Помпео Twitter-де Ирактағы Кемп-Таджи әскери базасына шабуылдағандар жазасыз қалмайды деп жазды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG