Accessibility links

"Азық-түлік ажиотажынан" кейін Алматы әкімдігі жұртты сабырға шақырды


Алматыдағы азық-түлік сататын гипермаркеттердің бірінде кезекте тұрған жұрт. 12 наурыз 2020 жыл.
Алматыдағы азық-түлік сататын гипермаркеттердің бірінде кезекте тұрған жұрт. 12 наурыз 2020 жыл.

Алматыдағы азық-түлік "ажиотажынан" кейін қала билігі 13 наурызда баспасөз жиынын өткізіп, "азық-түлік қоры жеткілікті, дүрбелең жасауға негіз жоқ" деп мәлімдеді.

Алматы қалалық әкімдігінің кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Еркебұлан Оразалин. Алматы, 13 наурыз 2020 жыл.
Алматы қалалық әкімдігінің кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Еркебұлан Оразалин. Алматы, 13 наурыз 2020 жыл.

- Адамдардың жаппай кезекке тұрып, азық-түлік сатып алып жатқанын көрдік. Олай етпеңіздер. Өздеріңіз тауар бағасын өсіруге әсер етіп жатырсыздар. Сұраныс көп болғанда баға да өседі. Бұл процесті [баға өсуін - ред.] барынша бақылап отырмыз. Бірақ нарықтың аты - нарық. Баға аздап өсуі мүмкін. Мысалы, былтыр қантқа сұраныс қатты артқанда бағасы да өсті, - деді Алматы қалалық әкімдігінің кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Еркебұлан Оразалин.

Қазақстан билігі коронавирустан сақтық шараларын күшейткеннен кейін 12 наурызда Алматы жұрты дүкендерде, супермаркеттерде жаппай азық-түлік сатып алып, сауда орындарында ұзын-сонар кезек пайда болған еді. Осыған ұқсас жағдай өзге қалаларда да байқалды.

Оқи отырыңыз: Алматыда вирустан қауіптенген жұрт жаппай азық-түлік сатып ала бастады

12 наурызда Нұр-Сұлтанда премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов "азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі бақылауда, елдегі азық-түлік қоры жарты жылға жетеді" деп мәлімдеген еді.

- "Жарты жылға жететін азық бар" дегені - ол алты айдан соң таусылады деген сөз емес. Бір жыл-бір жарым жылға жететін азық-түлік жинаудың мәні жоқ. Карантин болған жағдайда да азық-түлік сататын супермаркеттерді жаппаймыз, - деді Еркебұлан Оразалин.

Ол жұма күнгі жиында маска тапшылығы туралы да айтты.

- Ай сайын 3 млн маска жасауға жасай аламыз. Маскаға дефицит бары рас. Арнайы құрылғы сатып алынды. Дүйсенбіге дейін орнатып үлгеруге тырысамыз. Күніне 8 млн маскадай дайындай аламыз деп жоспарлап отырмыз.

Оның сөзінше, маска қымбаттайды. "Себебі әлемде масканың өзіндік құны өсті. Елдер даярлап үлгермей жатыр" деді ол.

Қала билігінің дерегінше, алматылықтар ай сайын 860 мың тонна әлеуметтік тауар тұтынады. Оның 240 мың тоннасы Алматыда жасалады. 520 мың тоннаға жуық азықтың 90 пайызы басқа өңірлерден келіп жатыр.

Наурыз айының басында коронавирус туралы сыбыстан кейін Тәжікстанда да жұрт жаппай азық-түлік сатып алып, билік елде "азық-түлік қоры жеткілікті" деп мәлімдеме жасауға мәжбүр болған еді.

Оқи отырыңыз: Тәжікстанда коронавирус туралы сыбыстан кейін жұрт жаппай азық-түлік сатып ала бастады

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG