Ирактағы Кэмп-Тэдж әскери базасына шабуыл жасалғаннан кейін АҚШ-Британ күштері Ирак оңтүстігіндегі Иран қолдайтын содырлар тобының нысандарын атқылап, "қарымта жауап берді". Бұған дейін АҚШ қорғаныс министрлігі Иран қолдайтын шииттік топтарды Бағдаттың солтүстігінен шамамен 30 шақырым жерде орналасқан Кэмп-Тэдж әскери базасына шабуыл жасады деп айыптаған. Бұл шабуылдан екі америкалық, бір британ сарбазы қаза тапқан, бірнеше адам жараланған.
АҚШ қорғаныс министрлігінің бейсенбі күні таратқан мәлімдемесінде "Катаиб Хезболла" шииттік топтың Ирактың әр аймағында шоғырланған нысандарына соққы жасалғаны жазылған.
"Бұл нысандарда АҚШ пен коалиция әскеріне шабуыл жасау үшін қолданылған қару-жарақ қоймалары орналасқан" делінген мәлімдемеде.
Мәлімдемеде сонымен бірге шабуылдың қорғану мақсатында жасалғаны және Иран қолдайтын топтардың қоқан-лоқысына "қарымта жауап" болғаны жазылған.
АҚШ шенеуніктерінің бірі Associated Press агенттігіне берген сұхбатында АҚШ-Британ күштерінің біріккен операциясы аясында нысандарға әуеден соққы жасалғанын айтып, сұхбат беріп тұрған мезгілде операцияның жалғасып жатқанын жеткізген.
Оқи отырыңыз: АҚШ-тың Ирактағы базасына шабуыл кезінде 2 сарбаз көз жұмған
ПІКІРЛЕР