Accessibility links

Сұлтанов "супермаркеттегі ажиотаж" туралы суреттерге сенбеуге шақырды


Алматыдағы азық-түлік сататын гипермаркеттердің бірінде кезекте тұрған жұрт. 12 наурыз 2020 жыл.
Алматыдағы азық-түлік сататын гипермаркеттердің бірінде кезекте тұрған жұрт. 12 наурыз 2020 жыл.

Қазақстанның түрлі қалаларындағы "азық-түлік ажиотажынан" кейін билік өкілдері 13 наурызда Нұр-Сұлтанда баспасөз жиынын өткізіп, Қазақстанда азық-түлік қорына қатысты мәселе жоқ деп мәлімдеді.

Сауда және интеграция министрлігінің айтуынша, Қазақстан азық-түліктің негізгі түрлері бойынша ішкі нарықты өз өнімдермен қамтамасыз етіп отыр және вирус тараған елдердің әлеуметтік маңызды тауарларына тәуелді емес. Елде жарты жылға жететіндей азық-түлік қоры бар.

Азық-түлік бағасының қымбаттамайтынын айтқан сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов жұртты әлеуметтік желілерде тараған "супермаркеттегі ажиотаж" туралы суреттерге сенбеуге шақырды.

- Сауда орталықтарына көмек ретінде қаржы бөлініп отыр. Олар белгілі бір бағаны ұстап тұру міндетін алды. Мысалы, кеше (12 наурыз) Нұр-Сұлтандағы бірқатар сауда жүйелеріне қосымша бір миллиард теңге бөлінді. Сондықтан WhatsAрр-та тараған касса маңында түсірілген бір фотоға бола даурығудың қажеті жоқ. Өздеріңіз білесесіздер, егер көлденең түсірсе ондай жағдайды кез келген жерден байқауға болады, - деді Бақыт Сұлтанов.

Билік коронавирустан сақтық шараларын күшейткеннен кейін 12 наурызда Қазақстанның түрлі қалаларында дүкендерде, супермаркеттерде жұрт жаппай азық-түлік сатып алып, сауда орындарында ұзын-сонар кезек пайда болған еді.

Ауыл шаруашылық министрі Сапархан Омаровтың айтуынша, жедел штаб құрылып, азық-түлікпен қамтамасыз ету бойынша мониторинг жүргізеді. Омаров брифинг кезінде Қазақстанның батысындағы Маңғыстау өңіріне пандемия өршіп тұрған Ираннан, Әзербайжаннан жеткізілетін көкөністер мен жеміс-жидектер қауіпсіздігі туралы сұраққа да жауап берді. Оның айтуынша, бұл екі мемлекеттен импортталатын өнімдердің барлығы дәрі-дәрмекпен өңделеді.

- Біз Иранмен шекараны жапқан жоқпыз. Ғалымдардың айтуынша, азық-түлік тауарларында коронавирустың сақталу мерзімі 3-4 үш төрт күннен аспайды, - деді Сапархан Омаров.

13 наурызда Қазақстанда Германиядан келген екі азаматқа коронавирус жұққаны анықталды. Екеуі де - Қазақстан азаматтары. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың айтуынша, олар Алматыдағы инфекциялық ауруханаға жатқызылған. Олардың жанында болған шамамен 80-нен астам жолаушы да карантинге жіберіледі. Министр олардың жағдайын жақсы деп бағалады.

Оқи отырыңыз: Covid-19 Қазақстанға да келді. Екі адамнан коронавирус табылды

Соңғы дерек бойынша, әлемде Covid-19 коронавирусы 134 мыңнан астам адамға жұққан. Қаза болғандар саны төрт мыңнан асып кетті. Вирус 110-нан астам елден табылды. 68 мыңға жуық адам дерттен сауыққан.

Қазақстанмен көрші Ресейде 28 адамға вирус жұққан. Ресей билігі наурыздың 13-інен бастап Италия, Германия, Франция мен Испанияға ұшатын әуе рейстерінің саны қысқаратынын хабарлады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG