Accessibility links

Медицина қызметкері.
Медицина қызметкері.

Бір тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырған 1002 адам тіркелді

Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, әлемде коронавирус жұқтырғандар 118 млн 455 мың адамнан асты. 67 млн 95 мың адам жазылған. 2 млн 628 мың науқас қайтыс болған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайдан тараған бұл вирусты "пандемия" деп жариялаған. Коронавирус жайлы қаңтардың басында белгілі болды. Оны алғаш жұқтырғандар Қытайдың Хубэй провинциясының Ухань қаласында тіркелді. Вирус тыныс алу жолын зақымдап, пневмонияны өршітеді. Бұл дерттің көбіне егде жастағылар мен созылмалы ауруы бар адамдарға салдары ауыр болуы мүмкін.

13:02 13.3.2021

Қазақстанда бір тәулікте коронавирус инфекциясымен тіркелгендер саны мыңнан асты

Ресми дерек бойынша, 12 наурызда коронавирус инфекциясын жұқтырып, тіркеуге тұрған адам саны 1002 адам болды. Бұл – көптен бері болмаған антирекорд.

Аймақтар бойынша қарасақ, өткен тәулікте Алматы қаласында бірден 293 науқас тіркелді. Бұған дейін мұндағы көрсеткіш бұдан әлдеқайда аз болып келген.

Жалпы ел бойынша ауырғандар саны 222 671 адамға жетті. Оның 205 554-і жазылып шықса, 2 840 кісі қайтыс болған.

Өткен тәулікте 772 адам дерттен айыққан.

Ресми орындар белгілері коронавирус инфекциясына ұқсас, бірақ лаборатория арқылы дәлелденбеген "пневмония" дерегін бір күн кешіктіріп жариялайды. 11 наурызда пневмонияның бұл түрімен ауырған 55 адам тіркелді.

Санақ жүргізіле бастаған былтырғы 1 тамыздан бері бұл диагнозбен 49 749 науқас тіркеуге алынған. Жалпы 44 715 жазылып шықса, 653 кісі көз жұмған.

10:10 12.3.2021

Тағы 964 адамнан коронавирус пен пневмония анықталды, 9 адам қайтыс болды

11 наурызда Қазақстанда тағы 899 адамға коронавирус жұққаны тестпен дәлелденді. 10 наурыз күнгі мәлімет бойынша, 65 адамға коронавирус пневмониясы диагнозы қойылған. 9 адам өлімі тіркелген: 9 адам - коронавирустан, 3 адам коронавирус пневмониясынан қайтыс болған деп айтылады. (Денсаулық сақтау министрлігі адам өлімі мен коронавирус пневмониясы бойынша екі күн бұрынғы деректі жариялап келеді).

Қазақстанда 2020 жылдың 13 наурызынан бері 221 669 адамның коронавирус тесті оң шыққан. Басым бөлігі жазылған. Содан бері 2 837 адам қайтыс болған.

Коронавирус жұққаны тестпен дәлелденген науқастар көрсеткіші бойынша Алматы қаласы әлі алда тұр. Өткен тәулікте мұнда 237 науқас тіркелген. Нұр-Сұлтанда да жүзден астам (112) науқас қосылған. Қалған облыстар мен қалаларда анықталған науқастар жүзге жетпейді.

Билік 2020 жылдың 1 тамызынан бері коронавирус пневмониясына шалдыққандарға жеке код беріп, оларды жалпы Covid статистикасына қоспай бөлек есептеп келеді. Оған дейін қанша адамның аталған ауру түріне шалдыққаны белгісіз. Министрлік коронавирус пневмониясын пневмонияның жалпы түрлерінен ажырату қиын болғандығын алға тартқан. Соңғы мәлімет бойынша, 7 айдан астам уақыт ішінде 49 694 адамнан коронавирус пневмониясы анықталған. 44 534 адам жазылған. 652 адам қайтыс болған.

Қазір коронавирус пен коронавирус пневмониясынан 18 558 адам емделіп жатыр. 231 адамның жағдайы - ауыр, 45 адам жасанды тыныс аппаратына қосылған.

Америкалық Джонс Хопкинс университетінің мәліметінше, әлемде 118,4 млн адамға коронавирус жұққан. Шамамен 67 млн жазылған, 2,6 млн адам қайтыс болған.

08:45 11.3.2021

Конгресс 1,9 трлн долларлық "Американы құтқару жоспарын" мақұлдады

АҚШ конгресінің өкілдер палатасы коронавирус індетінің экономикаға кері әсерін жоюды көздейтін құны 1,9 трлн доллар болатын құжаттар пакетін мақұлдады. Осыған дейін президент Джо Байден арнайы жоспарын ұсынған. (Оны кейде "Американы құтқару жоспары" деп те атайды). Жобаға тек демократтар ғана дауыс берді, республикашылдардың бірде-бірі құжатты қолдамады.

Қаражат коронавирусқа қарсы вакцина егуге, шағын бизнесті қолдауға жұмыссыздар мен баласы барларға төленетін жәрдемақыға жұмсалмақ. Америка ақпарат құралдарының хабарлауынша, аталған көмек отбасылардың шамамен 90 пайызын қамтиды.

Құжат конгресте соңғы рет қаралып отыр. Бұған дейін АҚШ сенаты Байден ұсыныстарын қолдағанмен түзетулер енгізіп, өкілдер палатасына қайта қарауға жіберген.

Президент жұма, 12 наурызда құжатқа қол қояды деп айтылады.

Сыншылар Байден ұсынған жоспардың ауқымы тым кең және ақшаның бір бөлігі коронавирусқа қатысы жоқ мәселелерді шешуге жұмсалуы мүмкін деп қауіптенеді.

10:37 10.3.2021

Алматы мен Нұр-Сұлтан коронавирус бойынша "қызыл аймаққа" енді

Алматы мен Нұр-Сұлтан вирустың тарауы бойынша "қызыл аймаққа" енді. "Сары аймақта" - Ақмола, Батыс Қазақстан, Атырау, Павлодар облыстары тұр. Қалған облыстар мен қалалар "жасыл аймақта".

Алматы қаласының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің дерегінше, қалада R коэффициенті (бір науқастың қанша адамға вирус жұқтыратынын көрсететін көрсеткіш) 1-ден асқан, соңғы 7 күн ішінде 100 мың тұрғынға 47,5 науқастан келген. Вирустардың 23 пайызы - ойын-сауық орталықтары, сауда үйлерінен, 22 пайызы қоғамдық орындардан табылған.

Сәрсенбі күні Нұр-Сұлтан қаласының бас санитар дәрігерінің қаулысы жарияланып, қаладағы карантинге бірқатар өзгерістер енгізілді. Соңғы өзгеріс бойынша, жалпы білім беру мектептерінде кезекші сыныптарда балалар санын 15-тен 25-ке дейін арттыруға рұқсат етілген. Мектепке дейінгі білім беру мекемелері де бір топта 25 баланы оқыта алады. Бірақ жаңадан кезекші сынып ашуға тыйым салынған. СПА-орталықтар, салондар, массаж орталықтары бір мезгілде үштен астам адам қабылдай алмайды, бірақ жұмыс уақытында шектеу жоқ.

Алматы қаласы коронавирус жұқтырғандардың тәуліктік көрсеткіші бойынша көптен бері республика бойынша алда келеді. 9 наурызда Алматыда - 160, Нұр-Сұлтан қаласында 143 науқас анықталған. Олардың ПТР тесті оң шыққан. Сейсенбі күні қалған облыстар мен қалаларда тіркелген науқастар 100-ден аспаған. 8 наурыз күнгі ақпарат бойынша (денсаулық сақтау министрлігі 2 күн бұрынғы адам өлімі мен коронавирус пневмониясы дерегін жариялап жүр) 4 адамға коронавирус пневмониясы қойылған. 3 адам өлімі тіркелген: 2 адам - коронавирустан, 1 адам коронавирус пневмониясынан қайтыс болған деп айтылады.

2020 жылдың 13 наурызынан бері елде 220 018 адамның ПТР тесті оң нәтиже көрсеткен, басым бөлігі жазылған. 2821 адам қайтыс болған.

1 тамыздан бері 49 581 адамнан коронавирус пневмониясы анықталған, 647 адам қайтыс болған.

Қазір 18,4 мың адам коронавирустен емделіп жатыр (4 мыңнан астамына коронавирус пневмониясы диагнозы қойылған).

Қазақстан коронавирус пен коронавирус пневмониясына шалдыққандар мен одан қайтыс болғандарды бөлек есептеп келеді. Бірақ халықаралық ұйымдар Қазақстандағы коронавирус ахуалы жайлы мәлімет берген кезде екі ресми мәліметті біріктіріп береді. Кейбір сарапшылар Қазақстанның ресми орындары берген статистикаға күмәнмен қарайды.

Тағы

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG