Accessibility links

Алматыда белсенділер полициядан блогер Байкенов туралы ақпарат беруді талап етті


Блогер Азамат Байкенов туралы ақпарат беруді талап етіп Алматы қалалық полиция департаментінің алдына келген белсенділер. 13 наурыз 2020 жыл.
Блогер Азамат Байкенов туралы ақпарат беруді талап етіп Алматы қалалық полиция департаментінің алдына келген белсенділер. 13 наурыз 2020 жыл.

13 наурызда түстен кейін 20-ға жуық адам Алматы қалалық полиция департаментінің алдына барып, шамамен бір-екі сағат бұрын қаладағы сауда орталықтарының бірінде ұсталған петропавлдық блогер Азамат Байкенов туралы ақпарат беруді талап етті. Олар блогерді нақты кімнің ұстап әкеткенін білмей отырғанын, жағдайына алаңдайтынын жеткізді.

Алматы қалалық полиция департаментінің алдында тұрған белсенділер. 13 наурыз 2020 жыл.
Алматы қалалық полиция департаментінің алдында тұрған белсенділер. 13 наурыз 2020 жыл.

- Азамат Байкеновті бүгін түскі сағат 1-лер шамасында "Мегада" отбасымен бірге жүрген жерінен азаматтық киім киген екі ер адам бас салып, ұстап әкеткен. Қазір полиция департаментінен ол жайлы ақпарат беруді талап етіп тұрмыз. Жаңа подполковник (аты-жөнін айтпады) шығып, "Байкеновтің қайда екенін білмейміз, мүмкін СҚО полициясы ұстап әкеткен шығар" дейді. Бұл заңсыз. СҚО полициясы Алматы полициясымен келісіп отырып, әрекет етуі керек. Дулат Ағаділді үйінен алып кетіп, өлтірді. Ондай оқиғаның қайталанбайтынына ешкім кепілдік бере алмайды. Қазір ІІМ-ге хабарласып, СҚО-ға хабарласып, қайда екенін біліп берсін. Блогерді көрсетуді талап етіп тұрмыз, - деді белсенді Құрманғазы Найзабек Азаттық тілшісіне.

Оның сөзін өзге белсенділер де қолдады. Азамат Байкеновті қолдап келген азаматтар арасында Асхат Жексебаев, Сақып Жаңабаева, Жазира Демеуова, Гүлзипа Жәукерова, Құрал Сейітханұлы болды.

Азаттық тілшісі полиция департаментінен түсініктеме ала алмады.

Бұған дейін блогердің әйелі ақпарат құралдарына күйеуін азаматтық киім киген екі адамның ұстап әкеткенін, қайда әкеткенін көріп үлгермегенін хабарлаған еді.

Азамат Байкенов - саяси тақырыптарда видео түсіріп, билікті сынап, пікірін ашық айтып жүрген петропавлдық блогер. Былтыр жыл соңында Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаменті оның үстінен "әлеуметтік араздық қоздыру" бабы бойынша қылмыстық іс қозғап, үйін тінтіген.

Оқи отырыңыз: Петропавл полициясы блогер үстінен 174-бап бойынша іс қозғап, үйін тінтті

Блогердің айтуынша, кейінірек полиция істі Қылмыстық кодекстің 405-бабына ("Тыйым салынған ұйымның ісіне қатысу") ауыстырып, күдікті статусын берген. Соңғы уақытта ол полицияның өзін тергеуге шақырып жатқанын бірнеше рет хабарлаған. Ол 10 наурыз күні Алматыда өткізген баспасөз жиынында "бұл елде кімнің үнін өшіргісі келсе, оны ҚДТ-мен байланыстырады" деп мәлімдеген.

(ҚДТ немесе "Қазақстанның демократиялық таңдауы" оппозициялық қозғалысы - Қазақстанда сот шешімімен "экстремистік ұйым" деп танылып, қызметіне тыйым салынған. Ал Еуропарламент резолюциясында бейбіт оппозициялық ұйым деп көрсетілген).

Қазақстан соты 2018 жылы наурызда қуғындағы бұрынғы банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов құрған "Қазақстанның демократиялық қозғалысын "экстремистік ұйым" деп танып, ел аумағында қызметіне тыйым салғалы бері ондаған адам ҚДТ-ға қатысы бар деген күдікке ілінген, кейбірінің үстінен қылмыстық іс қозғалып, жауапқа тартылған. Әблязов ҚДТ-ны "экстремистік" деп таныған сот шешімімен келіспейді және оның "саяси астары бар" деп санайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG