Accessibility links

Министрлік коронавирус жұқтырғандар санының өзгермегенін хабарлады


"Коронавирус, біз сенен қорықпаймыз!" деген жазуы ар плакат ұстаған жас жігіт. Алматы, 14 наурыз 2020 жыл.
"Коронавирус, біз сенен қорықпаймыз!" деген жазуы ар плакат ұстаған жас жігіт. Алматы, 14 наурыз 2020 жыл.

Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі 15 наурызда таңертең коронавирус жұқтырғандар санының өзгермегенін хабарлады. Осы апта соңында алты адамнан коронавирус табылған еді. Стационарлық карантинде 1425 адам жатыр, 496 адам үй жағдайында оқшауланған.

Министрлік сонымен бірге Қытай және өзге елдерден келген азаматтарды (2083 адам) бақылап отырғанын хабарлады.

Ведомство дерегінше, бұған дейін "жедел респираторлық вирустық инфекция" (ОРВИ) және температурамен 122 адам ауруханаға түскен. Олардың 62-і жазылып шыққан. Стационарда 60 адам қалған.

13 наурызда Қазақстанда төрт адамнан коронавирус анықталды. 14 наурызда олардың саны алтыға жетті. Олардың барлығы 9 наурыздан бері Еуропаның түрлі қалаларынан ұшып келген. Қазір олардың төртеуі - Алматы, екеуі Нұр-Сұлтан қаласындағы карантиндік стацонарларда емделіп жатыр. Сенбі, 14 наурызда алматылық дәрігерлер үшеуінің жағдайы қалыпты, біреуінің жағдайы орташа ауыр деп хабарлаған.

Коронавирусқа байланысты Қазақстанда төмендегідей шаралар енгізілген:

  • Қоғамдық шара өткізуге тыйым салынды;
  • Мектеп оқушыларының көктемгі демалысы бір апта ерте басталады: 16 наурыз бен 5 сәуір аралығында;
  • 16 наурыздан бастап жоғары оқу орындары, колледждер онлайн оқуға көшеді;
  • Балабақшалар жұмысын істей береді;
  • Сауда орындары, базарлар істей береді;
  • Қоғамдық көліктер тұрақты түрде дезинфекциядан өтеді;
  • Кейбір бағыт бойынша әуе рейстері тоқтады;
  • Сауда орталықтарындағы балалар алаңдары, кинотеатрлар жабылады;
  • Билік өкілдері тұрғындарды той, туған күн сияқты көп адам жиналатын шара өткізбеуге шақырды.

Коронавирус бойынша соңғы ақпаратты мына сілтеме арқылы оқып, біле аласыздар.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG