Accessibility links

Қызылордада "қаржылық топқа алдандық" деген бір топ салымшы ақшасын қайтаруды талап етті


Наразы салымшылар. Қызылорда, 15 наурыз 2020 жыл.
Наразы салымшылар. Қызылорда, 15 наурыз 2020 жыл.

15 наурызда түс кезінде Қызылордада "Гарант 24 Ломбард" қаржылық ұйымының бір топ салымшысы компанияның аймақтық директорының үйінің алдына жиналып, ақшасын қайтарып беруді талап етті. Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері тергеу амалдары жүріп жатқанын айтып, оларды үйлеріне қайтаруға тырысты.

Қызылорда тұрғыны Ақбота Жамбылқызы "Гарант 24 Ломбардқа" қаңтар айында жеті миллион теңге құйғанын, бірінші айда компания уәде еткен пайыздық үстемақысын бергенмен келесі айда мүлде жоғалып кеткенін айтады.

- Қызылорда облысы бойынша үш мың салымшы бар. Бәріміз ақшалай салғанбыз, көлік қойғанбыз, үй бергенбіз. Енді бұл ұйым жабылып, бәріміз далада қалдық. Кейбіріміз несие алып, ақша салғанбыз. Өз басым көп балалы анамын. Бес балам бар. Ешқандай орган тарабынан жұмыс жасалып жатқан жоқ. Маңдай терімізбен тапқан ақшамызды қайтарсын, - деді ол.

Балдақпен жүретін Қызылорда тұрғыны Самұрат Нұрылдаев "аяғына протез алу үшін ұйымға көлігін бергенін, енді оны қайтара алмай" жүргенін айтты.

- 29 қаңтарда "Гарант 24 Ломбардқа" астымдағы көлікті өткізгенмін. Қараша айынан бері хабарласып, мазамды алды. Асып тасып жатқандықтан емес, өзім екінші топ мүгедегімін. Аяғына протез алайын деген едім. Енді протездің құны аз емес. Ең арзаны 7-8 млн теңге деп жатыр. Электронды протез алам ба дайындалып жүрген едім. Көліксіз қалдым. Қазір көлігімді Қызылордада вокзал жақта бр жігіт мініп жүр. Полицияға көлігімді тауып та бердім. Бірақ ешқандай шара қолданған жоқ. Сот шешімі шыққанға дейін бұғаттап, тоқтатсын, - деді ол.

Қаржылық топқа алдандық деген салымшылар. Қызылорда, 15 наурыз 2020 жыл.
Қаржылық топқа алдандық деген салымшылар. Қызылорда, 15 наурыз 2020 жыл.

Сәлден соң компанияның аймақтық директорының анасымын деп таныстырған әйел үйден шығып "ұлының үйде жоқ екенін, сұрақтарға жауап бере алмайтынын" айтты.

Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері салымшыларға "қаржы пирамидасын құру" бойынша қылмыстық іс қозғалғанын, тергеу амалдары жүріп жатқанын айтып, сабырға шақырды.

"Біз қылмыскерлердің ізіне түстік. Аз уақыт қалды, шыдаңыздар" деді жұртты сабырға шақырған полиция қызметкерінің бірі. Бірақ ол өзін таныстырмады. Азаттық тілшісінің сұрақтарына да жауап бермеді.

Салымшылар полицияның баяу әрекет етіп отырғанын айтып сынады. Шамамен жарты сағаттан соң салымшылар полицияға арыз жазу үшін кетті.

Бұған дейін Қазақстанның бірқатар қалаларында "қаржылық ұйымдарға алдандық" деген тұрғындар биліктен мәселелерін шешіп беруді талап еткен.

Ақпан айының соңында ішкі істер министрлігі «Гарант 24 Ломбард» компаниясының құрылтайшысының Кишиневте ұсталғанын, оны елге экстрадициялау мәселесі шешіліп жатқанын хабарлаған еді.

Оқи отырыңыз: "Гарант 24 Ломбардтың" құрылтайшысы Кишиневте ұсталды

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG