Accessibility links

Ақтөбеде салымшылар тағы да наразылыққа шықты


"Қаржылық топтарға алдандық" деген тұрғындардың наразылығы. Ақтөбе, 15 наурыз 2020 жыл.
"Қаржылық топтарға алдандық" деген тұрғындардың наразылығы. Ақтөбе, 15 наурыз 2020 жыл.

Ақтөбеде «қаржы пирамидаларынан» зардап шеккен салымшылар 15 наурыз күні тағы да наразылық білдірді. Тұңғыш президент паркіне қарсы беттегі алаңқайға келген жүздеген салымшы облыс әкімдігі мен полициядан жартымды жауап ала алмай отырғандарын айтып, шағымданды.

Ақтөбе қаласының тұрғыны Асқар Қаласов «қайда барсақ та тергеу жүріп жатыр дегеннен өзге ештеңе айтпайды, бұл жауапқа қанағаттанбаймыз» дейді.

Ақтөбе тұрғыны Айгүл Ахметқалиева. Ақтөбе, 15 наурыз 2020 жыл.
Ақтөбе тұрғыны Айгүл Ахметқалиева. Ақтөбе, 15 наурыз 2020 жыл.

- Мыңдаған салымшы бір айдан бері полиция мен әкімдіктің табалдырығын тоздырып жүрміз. Атқарушы билік қиналған халықты қолдаудың орнына ең белсенді салымшыларды қыспаққа ала бастады. Полициядан бірнеше мәрте қоңырау шалып, алаңға шығатын болсаңдар, жауапқа тартыласыңдар деп қорқытты. Есігімнің алдын торуылдап, өзімді қылмыскер сияқты сезіне бастадым, - дейді екі баланың анасы Айгүл Ахметқалиева.

Үйін сатып, 10 млн теңгесін «Гарант 24 Ломбард» ұйымына салған жалғызбасты әйел қазір балаларымен бірге пәтер жалдап жүргенін айтады.

Салымшылардың бірі Жалғасбек Боранбаевтың сөзінше, оны өткен бейсенбі күні үйінен полиция әкетіп, прокуратураға алып барған. Прокуратурада үш сағаттай ұстап, «көшеге шықпаңыздар, жауапқа тартыласыздар» деп ескерткен.

- Біз көшеге шығуды тоқтатпаймыз. Осылайша өз басымыздағы қиындыққа қоғамның назарын аударғымыз келеді. Осыған дейін облыс әкімдігінде де бірнеше мәрте болғанбыз. Олардан әзір еш қайыр болмай тұр. Әкімдіктегілер осы кезге дейін мардымды ештеңе айта алмады, - дейді Жалғасбек Боранбаев.

Ақтөбедегі салымшылар наразылығы. 15 наурыз 2020 жыл.
Ақтөбедегі салымшылар наразылығы. 15 наурыз 2020 жыл.

Азаттық тілшісі салымшылардың «бізге қысым жасалып жатыр» деген шағымына орай полиция мен прокуратураға хабарласқан болатын. Олар түсініктеме беруден бас тартты.

Полиция, прокуратура мен әкімдік қызметкерлері Тұңғыш президент паркіне қарсы беттегі алаңқайға жиналғандарды бастапқыда сырттай бақылап тұрған болатын. Халық наразылығы үдей бастаған кезде Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Руслан Қамбаров пен полиция департаментінің тергеу басқармасы басшысының орынбасары Евгений Годлевский жиналған жұртты сабырға шақырды. «Заңсыз жиналуға болмайтынын» айтып, тараңыздар деді. Наразы топ «әкім келсін» деп айғайлап тұрып алды. Бірақ Ақтөбе облысы әкімі Оңдасын Оразалин салымшылармен кездесуге келмеді. Алаңда шамамен екі сағат тұрған салымшылар 16 наурыз күні сағат 19:00-де облыс әкімдігіне жиналатын болып тарасты.

15 наурызда Қызылордада да бір топ салымшы «Гарант 24 Ломбард» жетекшілерінің бірінің үйіне барып, ақшаларын қайтаруды талап еткен.

Бұған дейін осыған ұқсас наразылық шаралары өзге қалаларда да болған.

Ақпан айының соңында ішкі істер министрлігі «Гарант 24 Ломбард» компаниясының құрылтайшысының Кишиневте ұсталғанын, оны елге экстрадициялау мәселесі шешіліп жатқанын хабарлаған еді.

Оқи отырыңыз: "Гарант 24 Ломбардтың" құрылтайшысы Кишиневте ұсталды

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG