Accessibility links

Денсаулық басқармасы: Алматыдағы екі науқастың жағдайы - орташа ауыр


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі Тілеухан Әбілдаев 15 наурызда түстен кейін коронавирус табылған алты адамның жағдайы туралы айтты. Оның айтуынша, екеуінің жағдайы - орташа ауыр.

"Төрт пациенттің жағдайы - орташа, екеуінің жағдайы - орташа ауыр. Барлығы бекітілген хаттамаға сай емделіп жатыр. Вирусқа қарсы және симптомдық терапия өз уақытында басталды" деді Әбілдаев жексенбі күнгі брифинг кезінде.

Оның айтуынша, қаладағы медициналық мекемелерде қажетті дәрі-дәрмек, қорғану құралдарының бәрі бар.

Қазақстанда ресми дерек бойынша, сегіз адамнан коронавирус табылған: төрт әйел, төрт ер адам. Олардың жетеуі Еуропа қалаларынан, біреуі Сеулдан ұшып келген. Қазір алтауы - Алматыда, екеуі Нұр-Сұлтанда емделіп жатыр. Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, олармен контактіде болған барлық азаматтар оқшауланған.

Республика бойынша, стационарлық карантинде 1400-ден астам адам жатыр, 545 адам үй жағдайындағы карантинде.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 15 наурызда елде төтенше жағдай жариялау туралы жарлыққа қол қойды. Оған сәйкес, 16 наурыз таңертеңгі сағат 8.00-ден бастап Қазақстан төтенше жағдай режиміне көшеді. Қоғамдық орындар, мемлекеттік және стратегиялық маңызды нысандарда күзет күшейіп, сауда орталықтары, кинотеатрлар жабылады. Қазақстанға кіріп-шығуға шектеу қойылады. Дегенмен сауда және интеграция министрлігі төтенше жағдай кезінде супермаркеттер мен базарлар жұмыс істей береді деп хабарлады.

16 наурызда мектеп оқушыларының көктемгі демалысы басталады, студенттер онлайн оқуға көшеді. Бұған дейін білім және ғылым министрлігі коронавирусқа байланысты оқушылардың демалысы бір апта ерте басталатынын мәлімдеген.

Коронавирус бойынша соңғы ақпаратты мына сілтеме арқылы оқып, біле аласыздар.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG