Қазақстан бас прокуратурасы төтенше жағдай кезінде заң талаптарын орындамағандар жауапқа тартылады деп ескертті.
18 наурыз күнгі бас прокуратура мәлімдемесінде коронавирусқа байланысты елде бірқатар шектеулер мен шаралар енгізілгені, оларды орындамағандар әкімшілік (10 АЕК айыппұл немесе 15 тәулікке дейін қамаққа алу) және қылмыстық жауапкершілікке (айыппұл немесе бас бостандығынан айыру жазасы) тартылуы мүмкін екені айтылған.
Бас прокуратураның айтуынша, эпидемиологиялық жағдайы нашар елдерден келген азаматтардың карантиннен өтуі міндеттелсе де, "карантиннен жалтару, шетелге барғаны туралы және араласқан адамдар туралы деректі жасыру фактілері" кездесіп отыр.
"Санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау органдарының нұсқауларын орындамағаны (500 АЕК-ке дейін айыппұл) және санитариялық ережелер мен гигиеналық нормаларды бұзғаны үшін (5 млн теңгеге дейін айыппұл) әкімшілік жауапқа тарту қарастырылған... Егер мұндай әрекеттер абайсызда адамдарды жаппай жұқтыруға немесе адам өліміне әкеп соқса, онда қылмыстық жауаптылық туындайды (Қылмыстық кодекстің 304-бабы – 2 мың АЕК айыппұлдан 10 жылға бас бостандығынан айыруға дейін жаза)" делінген бас прокуратура мәлімдемесінде.
Соңғы ресми дерек бойынша, Қазақстанда 35 адамнан коронавирус табылған. 17 науқас - Алматыда, 18 адам Нұр-Сұлтанда емделіп жатыр. 19 наурыз түнгі сағат 00.00-ден бастап Алматы мен Нұр-Сұлтанда карантин енгізіледі. Қалаларға көліктердің кіріп-шығуына шектеу қойылады.
Дегенмен кейбір сайттардың жазуынша, Алматы қалалық полиция департаменті карантин уақытында қала ішінде қозғалысқа шектеу қойыла ма, жоқ па, нақты түсіндірмеген.
Коронавирус туралы соңғы ақпаратты мына сілтеме арқылы оқып, біле аласыздар.
Қарай отырыңыз: Вирус жұқтырғандар күрт көбейді. Алматы мен Нұр-Сұлтан карантинге жабылмақ (17 наурыз 2020 жыл).
ПІКІРЛЕР