Accessibility links

Өзбекстанда Гүлнара Каримова 13 жыл 4 айға бас бостандығынан айрылды


Гүлнара Каримова.
Гүлнара Каримова.

18 наурызда қылмыстық істер жөніндегі Ташкент қалалық соты Өзбекстанның бұрынғы президенті Ислам Каримовтің үлкен қызы Гүлнара Каримованы 13 жыл 4 айға бас бостандығынан айырды. Оған "бопсалау", "қылмыстық жолмен алынған қаржыны заңдастыру" және тағы бірнеше бап бойынша айып тағылған. Сот сонымен бірге "Каримова құрған қылмыстық топтың бірнеше мүшесіне" үкім оқыды. Бұл туралы Өзбекстанның жоғарғы сотына сілтеме жасаған Азатттықтың Өзбек қызметі хабарлады.

Бұл іс бойынша Гүлнара Каримованың қамауда болу мерзімі 2015 жылдың 21 тамыз айынан бастап есептелінеді.

Былтыр тамыз айында Каримоваға қатысты жаңа іс қозғалғаны белгілі болған еді. Бұл іс бойынша оған «мемлекетке тиесілі екі цемент зауытының акциясын сатып алды және оны кейін шетелдік бизнесмендерге сатты» деген айып тағылған. Желтоқсан айында "ашылған жайттарға байланысты" тағы бір қылмыстық іс қозғалды.

Гүлнара Каримованың қызы Иман Каримова әлеуметтік желіде олар жалдаған бес адвокат процесс басталған кезде іс материалдары туралы ақпарат бермеу туралы қолхатқа қол қоюға мәжбүр болғанын жазды. Екі адвокатқа "белсенділік танытса, лицензияларынан айрылуы мүмкін" екенін ескерткен. Бұл сот процесі жайлы өзбекстандық БАҚ-та ақпарат жарияланбады.

2019 жылы желтоқсан айында Өзбекстан билігі Гүлнара Каримованың швейцариялық адвокаты Грегуар Манжаға "адвокаттық этиканы бұзды" деп елге кіруіне тыйым салған.

18 наурызда сот бұған қоса "қылмыстық топтың" бірнеше мүшесін ұзақ жылдарға соттады. Екі айыпталушы "жауапқа тарту мерзімі өтіп кеткендіктен" қылмыстық жауапкершіліктен босатылды.

2017 жылы елдің бірінші президенті Ислам Каримов көз жұмғаннан кейін оның үлкен қызы Гүлнара Каримова 10 жылға бас бостандығынан айрылған. Ол кезде оған "салық төлеуден жалтарды", "ақша бопсалады" және "офшор компаниясының құжаттарын жойды" деген айыптар тағылды.

Бірнеше айдан кейін үкім өзгеріп, жаза бес жылға қысқарды және Каримова үйқамаққа шықты. Былтыр наурызда ол үйқамақ тәртібін бұзды деп қайта қамалған еді.

Оқи отырыңыз: Гүлнара Каримованың Ұлыбританиядағы мүлкі

Ақпан айының соңында өзіне қозғалған қылмыстық істі жабу үшін Гүлнара Каримованың қазіргі президент Шавкат Мирзияевқа хат жазып, мемлекетке 686 миллион доллар ұсынғаны туралы ақпарат шыққан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG