Accessibility links

Нұр-Сұлтан вокзалындағы кассаларда ұзын-сонар кезек пайда болды


Карантинге байланысты жолаушылар әбігерге түсті
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:46 0:00

Нұр-Сұлтан қаласында карантин жарияланатыны туралы хабар сапарлаған жолаушыларды әуре-сарсаңға салды. Бірі билеттерін қайтара алмай жүрсе, бірі ертеңгі пойыздар туралы ақпарат ала алмай әуре. Жолаушылар тасымалына жауапты компания қызметкерлері де бұған нақты жауап айта алмайды.

Бұған дейін 19 наурыздан бастап Нұр-Сұлтан мен Алматыда карантин енгізіліп, қалаға қатынайтын пойыздар мен ұшақтардың тоқтайтыны хабарланған еді.

Тараздан келген Аймарал Аманғараева аяқ асты карантин жариялаған соң 19 наурызға алған билетін таңертеңнен бері өткізе алмай жүргенін айтты. Ол Нұр-Сұлтанда тұратын балаларына келген, енді билетті өткізіп таксимен кеткісі келіп отырғанын айтты. Кәмила Қалдыбаева есімді тағы бір әйел Шымкенттен келгенін, енді билетті қалай өткізуді білмей отырғанын жеткізді.

- Мен көзіме операциядан жасатқанмын, ауруханадан бүгін шықтым. Енді ертең кетуім керек. Күнде пәтер жалдап, жата алмаймын. Пойыз жүрмей қалса не істерімді білмеймін, - деді ол.

Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, өзге қалаларда да осыған ұқсас жағдай болған. Осы аптада "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы төтенше жағдайға байланысты жолаушыларға билеттерін қайтарып беретінін мәлімдеген.

Вокзалдағы анықтама бюросындағылар ертеңгі күнге қатысты ақпаратты білмейтіндерін, бүгінгі пойыздар уақытында жүріп жатқанын айтады.

«Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамының билет сату қызметінің сарапшысы Наталья Пикуринаның айтуынша, онлайн режимі соңғы күндердегі билет өткізуге тырысқандардың көптігінен жұмыс істемей қалған.

- Электронды кезекті өзіміз тоқтатып отырмыз, адам көп болғандықтан кезекке тұру қолайлы деп санаймыз. Әр кассада филиалдан қызметкерлер көмектесіп жатыр. Қазақстан ішіндегі пойыздардың тоқтайтыны туралы әзірге мәлімет жоқ, тек мемлекетаралық пойыздар тоқтады, - деді ол.

Нұр-Сұлтандағы автостанцияда қалааралық автобустарға билет тапшы, таксилер құны шарықтап кеткен. Нұр-Сұлтан - Көкшетау бағыты бойынша әдетте таксидің құны адам басына 2500 тенгеден болса, қазір - 8000 теңге, әдетте Қарағандыға бір орынға 2000 теңге болса, қазір 5000 теңге болып кеткен. Сол сияқты жүргізушілер Павлодарға жеткізу үшін бір орынға 25 мың теңге (әдетте 5 мың теңге) сұрап тұр.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жаңа COVID-19 коронавирусын пандемия деп жариялауына байланысты азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен ел аумағында 2020 жылдың 16 наурыз сағат 8.00-ден 2020 жылдың 15 сәуір сағат 7.00-ге дейін төтенше жағдай енгізілген.

Жарлыққа сәйкес, қоғамдық орындар, мемлекеттік және стратегиялық маңызы бар нысандарда күзет күшейтіліп, ірі сауда орындары, ойын-сауық орталықтары, театр, мейрамхана тәрізді көп адам жиналатын нысандардың жұмысы шектеледі. Ал 19 наурыздан бастап Нұр-Сұлтан және Алматыда карантин енгізіледі. Қалаға көліктердің кіріп-шығуына шектеу қойылады.

Коронавирус туралы соңғы ақпаратты мына сілтеме арқылы оқып, біле аласыздар.

Видео: Нұр-Сұлтан базарында сауда сататын қырғыздар еліне қайта алмай қалды (17 наурыз 2020 жыл).

Нұр-Сұлтан базарында сауда сататын қырғыздар еліне қайта алмай қалды
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:53 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG