Алматыда коронавирус жұқтырған 22 адамның екеуінің жағдайы орташа ауыр. Ал 20 науқастың жағдайы орташа. Жағдайы ауырлағандардың қатарында екі жасар сәби бар. Бұл туралы қалалық қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев хабарлады.
"Қазір 20 науқастың жағдайы орташа. Екі науқастың жағдайы - орташа ауыр. Провизорлық ауруханаларда 696 адам карантинде жатыр, 1108 адам үй карантинінде" деді Тілеухан Әбілдаев.
19 наурызда басқарма өкілдері сәбидің жағдайын орташа деп бағалаған еді.
"Бірінші науқастың жағдайы орташа ауыр, тұрақты (диагнозында обструктивті бронхиті болған). 2018 жылғы сәби жиі жөтеледі, рентгенге түсірген кезде оң жақ өкпесінен пневмония анықталды, жағдайы орташа ауыр" деді Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Набира Эсенова.
20 наурызда таңертең денсаулық сақтау министрлігі Қарағандыда - екі адам, Алматыда үш адамнан коронавирус анықталғанын хабарлаған еді. Тілеухан Әбілдаевтың айтуынша, қаладағы үш науқастың бірі шетелден келгендермен араласқан.
"Құрғақ жөтел, тамақтың жыбырлауы, көкірек ауры, құлақтың бітуі сияқты ауру белгілері пайда болғаннан кейін 18 наурызда CОVID-19 бойынша тест тапсырған. Кеше (19 наурыз) диагнозы расталып, пациент дереу стационарға оқшауланды" деді Әбілдаев.
Оның айтуынша, коронавирус табылған екінші пациент - Берлин-Алматы чартерлік рейстің бортсерігі. 12 наурыздан бері жұқпалы аурулар ауруханасында карантинде жатыр. 1997 жылғы үшінші науқас 19 наурызда түнде Париж - Минск - Алматы бағыты бойынша ұшып келген. Провизорлық ауруханада карантинде болған. 20 наурызда қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылған.
Қазақстанда соңғы дерек бойынша 49 адамнан вирус табылған. Алматыда - 22 адам, Нұр-Сұлтанда - 25 адам, Қарағандыда 2 адам емделіп жатыр.
Коронавирусқа байланысты соңғы ақпаратты оқу үшін мына сілтемені басыңыз.
ПІКІРЛЕР