Нұр-Сұлтан қаласындағы вирус табылған 28 адамның ішінде төрт айлық сәби, 14 жасар бала және 60 жастан асқан егде адам бар. Бұл туралы қалалық денсаулық басқармасы хабарлады.
Нұр-Сұлтанда вирус жұқтырғандардың жасы:
- 18 жасқа дейін – екеу (біреуі – төрт айлық, екіншісі – 14 жасар бала),
- 18-29 жас – үш адам,
- 30-49 жас – 18 адам,
- 50-59 жас – төрт адам,
- 60-69 жас – бір адам.
Басқарма дерегінше, “Рамада Плаза” отелінде карантинге арналған 800 орын дайындалды. Қазір “Алау” және “Турист” қонақүйлерімен келісім жүріп жатыр. Ал қаладағы ауруханаларда коронавирустан сақтық шаралары барысында 1051 төсек қойылған. 44 реанимациялық орын дайындалған. Қазір қалада 645 адам (ішінде 62 бала бар) ауруханада карантинде.
21 наурыздағы дерекке сай, Қазақстанда барлығы 53 адамнан вирус табылды. Алматыда - 22 адам, Нұр-Сұлтанда - 28 адам, Қарағандыда - 2 адам, Алматы облысында 1 адам емделіп жатыр.
Қазақстанда 15 сәуірге дейін төтенше жағдай. 19 наурыздан бастап Алматы мен Нұр-Сұлтан қалалары карантинге көшті. Сауда және ойын-сауық орталықтары, тамақтан басқа зат сататын дүкендер мен сауда орындарының жұмысы тоқтатылды. Карантин режимі кезінде қоғамдық тамақтандыру орындары мен мейрамханалар тұтынушыға ас-суды үйіне жеткізіп береді. 22 наурыздан бастап Алматы қаласында темір жол және әуе қатынасын толық тоқтату жоспарланған.
Әлемде Covid-19 коронавирусы 275 мыңнан астам адамға жұқты. Қаза болғандар саны 11 мыңнан асып кетті. Вирус 180-нен астам елге тарады. 88 мыңнан астам адам дерттен айыққан. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы дерегінше, бұл вирустан көбіне 60-65 жастан асқан адамдар көп зардап шегеді.
ДДСҰ Қытайдан тараған бұл вирусты "пандемия" деп жариялаған. Коронавирус жайлы қаңтардың басында белгілі болды. Оны алғаш жұқтырғандар Қытайдың Хубэй провинциясының Ухань қаласында тіркелді. Вирус тыныс алу жолын зақымдап, пневмонияны өршітеді. Бұл дерттің көбіне егде адамдар мен созылмалы ауруы бар адамдарға ауыр салдары бар.
Коронавирус туралы соңғы ақпаратты оқып-білу үшін мына сілтемені басыңыз.
ПІКІРЛЕР