Қырғызстан премьер-министрі Мұхаммедкали Абылгазиев бүкіл елде 22 наурыздан бастап бір айға төтенше жағдай жарияланатынын мәлімдеді.
Төтенше жағдай кезінде ішкі әуе рейстерінің ұшуы қайта қаралып, адамдар көп жиналатын орындардың жұмысы шектелмек. Елде тек дәріханалар мен азық-түлік сататын орындардың жұмысы жалғасады.
Бішкек әкімдігі 22 наурыздан бастап қалада қоғамдық автобустар тоқтап, тек троллейбустар жүретінін мәлімдеді.
21 наурыз таңертеңгі дерек бойынша, Қырғызстанда 12 адамнан вирус табылған. Оның сегізі – Жалал Абад облысы Сузак ауданында, үшеуі – Ош облысы Ноокат ауданында, бір адам – Баткен облысы Баткен ауданында. Бұл аймақтарда төтенше жағдай.
Қырғызстан - Орталық Азияда осындай қадамға барған екінші ел. Бұған дейін 16 наурыздан 15 наурызға дейін Қазақстанда төтенше жағдай жариялаған.
21 наурыздағы дерекке сай, Қазақстанда барлығы 53 адамнан вирус табылды. Алматыда - 22 адам, Нұр-Сұлтанда - 28 адам, Қарағандыда - 2 адам, Алматы облысында 1 адам емделіп жатыр.
Әлемде Covid-19 коронавирусы 275 мыңнан астам адамға жұқты. Қаза болғандар саны 11 мыңнан асып кетті. Вирус 180-нен астам елге тарады. 88 мыңнан астам адам дерттен айыққан. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы дерегінше, бұл вирустан көбіне 60-65 жастан асқан адамдар көп зардап шегеді.
ДДСҰ Қытайдан тараған бұл вирусты "пандемия" деп жариялаған. Коронавирус жайлы қаңтардың басында белгілі болды. Оны алғаш жұқтырғандар Қытайдың Хубэй провинциясының Ухань қаласында тіркелді. Вирус тыныс алу жолын зақымдап, пневмонияны өршітеді. Бұл дерттің көбіне егде адамдар мен созылмалы ауруы бар адамдарға ауыр салдары бар.
Коронавирус туралы соңғы ақпаратты оқып-білу үшін мына сілтемені басыңыз.
ПІКІРЛЕР