Accessibility links

Қарағанды облысындағы төрт қалада балабақшалар жабылады


26 наурыздан бастап Қарағанды облысындағы төрт қалада – Қарағанды, Теміртау, Жезқазған, Балқашта коронавирустың тарауын алдын алу үшін жарияланған карантинге байланысты балабақшалар жабылады. Бұл туралы 21 наурызда облыстық білім басқарамасының жетекшісі Есенғазы Иманғалив онлайн брифинг кезінде хабарлады.

Балабақшалар жұмысы қашан жалғасатыны белгісіз. Жергілікті билік өкілдерінің сөзінше, балабақша жұмысы аймақтағы эпидемия ахуалына байланысты болмақ.

Онлайн-брифинг кезінде Қарағанды облысы денсаулық сақтау басқармасының бастығы Ержан Нұрлыбаев мессенджерлерде тараған “Теміртауда екі адам Covid-19 дертіне шалдығыпты” деген ақпаратты жоққа шығарды.

21 наурыздағы дерек бойынша, Қарағанды облысында 124 адам ауруханада карантинде, 31 адам үй карантинінде жатыр. Нұрлыбаев брифинг кезінде жұртты мереке күндері үйде қалуға, көшеге шықпауға шақырды.

Қарағанды облысында 48 және 49 жастағы екі адамнан вирус табылған. Жергілікті биліктің дерегінше, олар 18 наурызда Минск – Нұр-Сұлтан рейсмен ұшып келген. Олар Қарағанды облысының тұрғындары емес. Билік Нұр-Сұлтанға адамдарды карантинге жатқызу қиын болғандықтан ұшақ Қарағандыға қонғанын мәлімдеді. Денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, екі науқас қазір инфекциялық бөлімшеде жатыр. Жағдайы орташа.

Облыста коронавирус табылған соң қауіпсіздік шаралары күшейді. 20 наурыздан бастап ірі сауда орындары мен ойын-сауық орталықтары жабылды. Азық-түлік дүкендері мен дәріханаларда кезекте тек бес адам тұруы тиіс.

Ал Батыс Қазақстан облысында сақтық шаралары үшін 21 наурыздан бастап сауда орындары, базарлар жабылды. Тек азық-түлік сататын орындар жұмыс істейді. Бұл аймақта коронавирус жұқтырғандар жоқ.

21 наурыздағы дерекке сай, Қазақстанда барлығы 53 адамнан вирус табылды. Алматыда - 22 адам, Нұр-Сұлтанда - 28 адам, Қарағандыда - 2 адам, Алматы облысында 1 адам емделіп жатыр.

Қазақстанда 15 сәуірге дейін төтенше жағдай. 19 наурыздан бастап Алматы мен Нұр-Сұлтан қалалары карантинге көшті. Сауда және ойын-сауық орталықтары, тамақтан басқа зат сататын дүкендер мен сауда орындарының жұмысы тоқтатылды. Карантин режимі кезінде қоғамдық тамақтандыру орындары мен мейрамханалар тұтынушыға ас-суды үйіне жеткізіп береді. 22 наурыздан бастап Алматы қаласында темір жол және әуе қатынасын толық тоқтату жоспарланған.

Әлемде Covid-19 коронавирусы 275 мыңнан астам адамға жұқты. Қаза болғандар саны 11 мыңнан асып кетті. Вирус 180-нен астам елге тарады. 88 мыңнан астам адам дерттен айыққан. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы дерегінше, бұл вирустан көбіне 60-65 жастан асқан адамдар көп зардап шегеді.

ДДСҰ Қытайдан тараған бұл вирусты "пандемия" деп жариялаған.

Коронавирус туралы соңғы ақпаратты оқып-білу үшін мына сілтемені басыңыз.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG