Accessibility links

Денсаулық басқармасы Ақтөбеде коронавирус табылған науқас туралы айтты


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

23 наурызда Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы бір күн бұрын коронавирус анықталған әйелдің жағдайы туралы айтты. Ол қазір Ақтөбедегі инфекциялық ауруханада арнайы бокста жатыр.

"Науқастың жағдайы тұрақты" деді Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысы Әсет Қалиев.

Оның айтуынша, науқас 22 наурызда Мәскеуден ұшып келген. Келген соң бірден дәрігерлер бақылауына алынған. Науқаспен бірге Мәскеуден Ақтөбеге ұшып келген 57 жолаушының арасында Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Орал, Шымкент, Қызылорда қалаларының тұрғындары болған. Олар әуежайдан соң пойызға, самолетке, таксиге мініп, өз қалаларына кеткен. Сол жақта оқшауланған. Олардан коронавирус анықталмаған.

Жолаушылардың барлығы - Қазақстан азаматы. Науқас Ақтөбе қаласында тұрады. Басқарма дерегінше, экипаж мүшелері - Ресей азаматтары. Олар Ресейде карантинге жатқызылған.

Қазір Қазақстанда барлығы 60 адам Covid-19 дертіне шалдықты. Нұр-Сұлтанда - 31 адам, Алматы қаласында - 25 адам, Қарағанды қаласында - екі адам, Алматы облысында - бір адам, Ақтөбе облысында - бір адам коронавирус жұқтырды.

Қарай отырыңыз: Қазақстандағы коронавирус динамикасы

Қазақстанда коронавирусқа байланысты 15 сәуірге дейін төтенше жағдай. 19 наурыздан бастап Алматы мен Нұр-Сұлтан қалалары карантинге көшті. Сауда және ойын-сауық орталықтары, тамақтан басқа зат сататын дүкендер мен сауда орындарының жұмысы тоқтатылды. Карантин режимі кезінде қоғамдық тамақтандыру орындары мен мейрамханалар тұтынушыға ас-суды үйіне жеткізіп береді. 22 наурыздан бастап Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласына темір жол және ішкі рейстер тоқтады.

23 наурыздағы дерекке сай, әлемде коронавирус жұқтырғандар саны - 330 мыңнан, қаза тапқандар 14 мыңнан асып кетті. 98 мыңдай адам дерттен айықты. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Covid-19 коронавирусын "пандемия" деп жариялаған.

Коронавирус бойынша Қазақстандағы және әлемдегі жағдай жайлы мына сілтемеден оқи аласыз.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG