Accessibility links

Қазақстанда жеті мыңдай адам карантинде


Қазақстан денсаулық сақтау министрлігінің 26 наурыздағы дерегіне сай, қазір елде 6963 адам карантинде. Оның 2164-і – ауруханада, 4799-ы – үйде.

26 наурыз 16:30-дағы дерек бойынша, бұл күні Қазақстанда 28 адамнан вирус табылды. Оның барлығы Алматы мен Нұр-Сұлтанда.

Елде 13 наурыздан бері 109 адамға вирус жұққаны анықталды: Алматыда - 40 адам, Нұр-Сұлтанда - 61 адам, Қарағандыда - екі адам, Шымкентте - екі адам, Алматы облысында - бір адам, Ақтөбе облысында - бір адам, Жамбыл облысында - бір адам, Солтүстік Қазақстан облысында бір адам.

25 наурызда Алматыда бір, Нұр-Сұлтанда бір науқас дертінен айыққаны хабарланды.

Ал Нұр-Сұлтанда бір науқастың жағдайы әлі ауыр. Ол аппаратпен демалып жатыр.

Шымкентте коронавирус жұқтырғандар – шешесі мен баласы. 24 жастағы ер адам Шымкентке Нұр-Сұлтаннан автобуспен келген. Онымен бірге автобуста болған 51 адамның көбі оқшауланды.

Қазақстанда коронавирусқа байланысты 15 сәуірге дейін төтенше жағдай. 19 наурыздан бастап Алматы мен Нұр-Сұлтан қалалары карантинге көшті. Сауда және ойын-сауық орталықтары, тамақтан басқа зат сататын дүкендер мен сауда орындарының, қызмет көрсету орындарының жұмысы тоқтатылды. Карантин режимі кезінде қоғамдық тамақтандыру орындары мен мейрамханалар тұтынушыға ас-суды үйіне жеткізіп береді. 22 наурыздан бастап Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласына темір жол және ішкі рейстер тоқтады. Карантин жарияланбаған аймақтардағы сауда орталықтары, базарлар мен қызмет көрсету орындары жұмыс істей береді.

Өткен жылдың соңында Қытайда алғаш рет тіркелгелі бері әлемде коронавирус 480 мыңнан астам адамға жұқты. Содан бері 21 мыңнан аса адам қаза болып, 115 мыңнан астам науқас дерттен айықты. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Covid-19 коронавирусын "пандемия" деп жариялаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG