Accessibility links

Қарағандыда тағы екі адамнан вирус табылды. Қалада төрт науқас бар


Көрнекі сурет.

26 наурыз кешкі сағат 21.00-дегі дерек бойынша, Қарағанды қаласында тағы екі адамның коронавирус жұқтырғаны белгілі болды. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.

Қарағанды әкімдігінің дерегінше, екі адам 18 наурызда Франциядан ұшып келген, екеуі де ұшақтан түсе сала, карантинге жатқызылған. Жергілікті билік қаладағы төрт адамнан да карантинде жатқанда вирус табылғанын, сондықтан қалада карантин жариялауға негіз жоғын айтады.

Елде қазір 111 адамға вирус жұққаны анықталды: Алматыда - 40 адам, Нұр-Сұлтанда - 61 адам, Қарағандыда - төрт адам, Шымкентте - екі адам, Алматы облысында - бір адам, Ақтөбе облысында - бір адам, Жамбыл облысында - бір адам, Солтүстік Қазақстан облысында бір адам.

26 наурыз кешкісін Нұр-Сұлтанда бір әйел адам Covid-19 дертінен қайтыс болды. 25 наурызда Алматыда бір, Нұр-Сұлтанда бір науқас дертінен айыққан еді.

Қазақстанда коронавирусқа байланысты 15 сәуірге дейін төтенше жағдай. 19 наурыздан бастап Алматы мен Нұр-Сұлтан қалалары карантинге көшті.

28 наурыздан бастап елдегі ірі үш қалада - Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкентте мынандай шектеулер қойылады:

  • Енді үш қаладағы жұрт жұмысқа, азық-түлік және дәрі алуға ғана шыға алады.
  • Парк, жаяу жүргіншілер көшесі, жағалаулар, ойын алаңдары жабылады.
  • Қоғамдық көліктердің жұмысы шектеле бастайды.
  • Қоғамдық орындарда үш адамнан артық жиналуға болмайды. Бұл шектеудің бір отбасының адамдарына қатысы жоқ.
  • Балалар ересектерсіз көшеге шығуға тыйым салынады.

Өткен жылдың соңында Қытайда алғаш рет тіркелгелі бері әлемде коронавирус 480 мыңнан астам адамға жұқты. Содан бері 21 мыңнан аса адам қаза болып, 115 мыңнан астам науқас дерттен айықты. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Covid-19 коронавирусын "пандемия" деп жариялаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG