Ақтөбеде «9 жастағы қыз баланы зорлады» деп айыпталған Санжар Құрманов 23 жылға сотталды. Бұл үкімді Ақтөбенің мамандандырылған ауданаралық соты 27 наурыз күні шығарды.
Ақтөбе облыстық сотының мәліметінше, қаулы күшіне енсе, сотталушы жәбірленуші тарапқа 5 млн теңге моральдық шығын төлеуі тиіс.
21 жастағы Санжар Құрмановқа Қылмыстық кодекстің 120-бабы 4-бөлігі ("Зорлау") мен 121 бабының 4-бөлігі ("Жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық жасау") бойынша айып таққан. Прокурор соттан оны өмірлік түрме жазасына кесуді сұраған.
Жәбірленушінің ата-анасы да айыпталушыға ең ауыр жаза тағайындауды сұраған. Сот Құрмановтың бұрын сотталмағанын, жас екенін ескеріп, 23 жылдық түрме жазасын кесті.
Азаттық тілшісі жәбірленуші тараптан үкімге қатысты пікірін сұраған болатын. Баланың туыстары жауап беруден бас тартты. Ал "НеМолчиKZ" қорының жетекшісі Дина Смаилова жәбірленуші тараптың шешімді апелляцияға беретінін айтты
Бұл оқиға 2019 жылы 12 желтоқсанда болған. Пәтердің есігін қағып, әжетханаға кіріп шыққысы келетінін айтқан ер адам 9 жастағы балаға зорлық көрсеткен. Бала бұл кезде үйде жалғыз болған. Ес-түссіз жатқан қызын үйіне түстенуге келген әкесі көріп, полиция шақыртады. Күдікті 6 күннен кейін ұсталды.
Өткен жылдың соңында Қазақстан президенті зорлау қылмысын жасағандарға жазаны қатайту туралы заңға қол қойған. Оған сәйкес, зорлау қылмысы ауырлығы орташа қылмыстан ауыр қылмыс санатына ауыстырылған. Бұрын жәбірленуші тараппен өзара татуласқан жағдайда айыпталушыны жауапкершіліктен босататын ереже заңнан алынып тасталды.
Ал кәмелет жасына толмаған балаларға қарсы жасалған сексуалдық сипаттағы іс-әрекет аса ауыр қылмыс түріне жатқызылып, қылмысы дәлелденген адамды 20 жылға немесе өмір бойы бостандығынан айыру жазасы енгізілген.
ПІКІРЛЕР