Accessibility links

Нұр-Сұлтанда қоғамдық көлік толық тоқтайды


Автобустарды дезинфекциялап жүрген жұмысшылар. Көрнекі сурет.
Автобустарды дезинфекциялап жүрген жұмысшылар. Көрнекі сурет.

30 наурыз бен 5 сәуір аралығында Нұр-Сұлтанда қоғамдық көлік толық тоқтайды деп хабарлады қала әкімі Алтай Көлгінов. Оның пікірінше, қатаң шаралар енгізбей коронавирустың таралуын тоқтату мүмкін емес.

"Науқастар саны барған сайын артып барады, өкінішке қарай адам өлімі де болды. Қайтыс болған адамның туыстары мен жақындарына қатты қайғырып көңіл айтамын. Дәрігерлер қолдан келгеннің бәрін жасады. Бұл инфекцияның қауіпті екенін, барлық қауіпсіздік шараларын сақтау қажет екенін дәлелдейді. Біз ол аурухананы карантинге жаптық, кей дәрігерлерді карантинге жібердік" деді Көлгінов.

Әкімнің айтуынша, қаладағы N1 автобус паркі жұмысшыларының бірі коронавирус жұққан адаммен байланыста болғандықтан автобус паркі карантинге жабылған.

"Тұрғындар мен қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін автопаркті жаптық. Аумақ пен автобустарды дезинфекциядан өткіздік. Қатаң шара қолданбай инфекцияның таралуын тоқтата алмаймыз. Сондықтан 30 наурыз бен 5 сәуір аралығында қоғамдық көліктер тоқтайды. Автобус парк жұмысшыларын толық тексереміз" деді әкім.

Ол сонымен бірге инфекциямен күресуге тікелей үлес қосып жатқан қызметкерлер мен жұмысшыларды көлікпен қамтамасыз ететінін айтты.

Коронавирус көп табылған Нұр-Сұлтан мен Алматы және екі адамнан вирус табылған Шымкентте 28 наурыздан бастап азаматтардың үйден шығуына шектеу қойылған. Сенбі күннен бастап үш қаланың тұрғындары жұмысқа, азық-түлік және дәрі алуға ғана шыға алады. 30 наурыздан бастап кәсіпорындар мен ұйымдардың басым бөлігінің жұмысы тоқтатылады.

Нұр-Сұлтан мен Алматы 19 наурыздан бастап карантинге көшкен. Екі қала толық жабылған. Қалаға қатынайтын пойыздар, ішкі рейстер тоқтаған.

Қазақстанда қазір 150 адамға вирус жұққаны анықталды: Алматыда - 55 адам, Нұр-Сұлтанда - 75 адам, Қарағандыда - төрт адам, Жамбыл облысында - үш адам, Шымкентте - екі адам, Алматы облысында - бір адам, Ақтөбе облысында - бір адам, Солтүстік Қазақстан облысында - бір адам, Атырау облысында - үш адам, Павлодар және Маңғыстау облысында әрқайсысында - бір адам.

26 наурыз кешкісін Нұр-Сұлтанда 64 жастағы бір әйел адам Covid-19 дертінен қайтыс болды. Оның коронавирус жұқтырғаны қайтыс болған соң анықталған. Елде барлығы төрт науқас: Алматыда - үш, Нұр-Сұлтанда бір адам дерттен айықты. Олардың бірі - 12 жасар қыз бала.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG