Accessibility links

Ақтөбеде белсенді Аманбике Хайрулла жерленді


30 наурыз күні Ақтөбеде жақындары өмірден өткен белсенді Аманбике Хайрулланы жерледі. Белсендінің жаназасына туыстары мен достары, жалпы саны 40 шақты адам қатысты.

Белсенді Аманбике Хайрулланың мәйіті 28 наурызда Ақтөбенің 312-атқыштар дивизиясы көшесіндегі "Волга" гараж кооперативінің территориясынан табылған.

Хайрулланың жерлеу рәсіміне келген ақтөбелік белсенді Бақыт Жаншаева “Аманбикенің өз баспанасы жоқ еді. Балаларымен бірге пәтер жалдап жүрді. Ақтық сапарға Ақтөбенің "тұрғындар қалашығы" деп аталатын бөлігінде тұратын ата-анасының үйінен шығарып салдық. Сүйегі қала іргесіндегі Кірпішті ауылына қойылды” деді.

Белсендінің өлімінен соң бірнеше сараптама тағайындалған. Полицияның хабарлауынша, сараптама қорытындысы әзір дайын емес. Полиция "Волга" гараж кооперативі аумағынан табылған мәйітте зорлық-зомбылық белгілері жоғын хабарлады. Аталған факті бойынша "Өз-өзіне қол жұмсауға жеткізу" бабымен (Қылмыстық кодекстің 105-бабы) қылмыстық іс қозғалған.

Хайрулла өлер алдында Facebook парақшасында жазба қалдырып, өліміне төрт белсендіні айыптаған. Жазбада аты аталған белсенділерді полиция шақырған. Солардың бірі Азаттыққа "Полицияға тергеу барысындағы мәліметтерді жарияламаймын қолхат бердім. Сондықтан ештеңе айта алмаймын" деді.​

Жергілікті белсенділердің бірі Бақытжан Құрмановтың сөзінше, Аманбике Хайрулла қайтыс болардан бір ай бұрын телефонына оны қорқытып-үркіткен хабарламалар келе бастаған. Аманбике Хайрулла полицияға шағым түсірген. Азаттық тілшісі полициядан белсендінің көзі тірі кезінде жазған арызы туралы да сұраған болатын. Полиция коронавирусқа байланысты енгізілетін шектеулерге байланысты басшылардың қолы босамай жатқанын айтып, ақпарат бермеді.

Марқұм Аманбике Хайрулла 33 жаста болған. Үш баласы бар жесір әйел. Аманбике Хайрулланың үш баласы қазір нағашыларымен бірге. Балаларының үлкені тоғызда, кішісі төрт жаста. Белсенді Бақыт Жаншаева "жетім қалған үш баланы нағашы әжесі қамқорлығына алмақшы" дейді.

Аманбике Хайрулла Ақтөбеде өткен Қытай зауыттарына қарсы наразылыққа, саяси тұтқындарды босату талабы айтылған наразылық акцияларына, билікке қарсы бейбіт митингілерге қатысқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG