Accessibility links

Бас санитар дәрігер: Коронавирустан көз жұмғандардың сүйегі туыстарына берілмейді


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Бас санитар дәрігер Айжан Есмағамбетова коронавирустан көз жұмғандардың сүйегі туыстарына берілмейді деп мәлімдеді.

- [Вирустан көз жұмғандардың сүйегі] мәйітханаға зерттеуге жіберілмейді. Туысқандарына берілмейді. Қоштасуға тек 30 минут беріледі. Ара қашықтық үш метрден кем болмауы керек. Жерлеу рәсіміне жақын туыстары мен бір дін қызметкері қатыса алады - деді ол 1 сәуір күнгі брифинг кезінде.

31 наурызда Қазақстанда коронавирустан көз жұмғандарды жерлеу ережесі бекітілген еді. Бас санитар дәрігер шығарған қаулыға сәйкес, егер марқұм мұсылмандық ғұрыпқа сай жерленсе, сүйекті жуу рәсімі медициналық мекемелерде өтеді. Жерлеу рәсіміне металл немесе ағаш табытпен әкелінеді. Жерлеу кезінде марқұмның бетін ашуға тыйым салынған.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда коронавирустан көз жұмғандарды жерлеу ережесі бекітілді

Бұған дейін ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев мұсылмандар діни басқармасының осыған байланысты пәтуа шығарып, православ шіркеуі өкілдерінің нұсқаулық жасағанын айтқан еді.

Қазақстанда коронавирустан үш адам көз жұмған. 1 сәуірде Қарағандыда 62 жастағы ер адам қайтыс болды. Науқастың диагнозында коронавирустан бөлек екі жақ пневмония, тыныс алу жетіспеушілігі болған.

31 наурызда Нұр-Сұлтанда 50 жастағы ер адам көз жұмды. Дәрігерлер науқаста қант диабеті, қан қысымы, жүрек қантамыр аурулары болғанын айтты. 26 наурызда Ақмола облысы Қосшы ауылында 64 жастағы әйел қайтыс болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG