Accessibility links

Қарағандыда қайтыс болған ер адамның жақындарынан коронавирус табылды


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

2 сәуірде Қарағандыда алты адамға коронавирус жұққаны анықталған еді. Науқастардың арасында Теміртауда нотариусте жұмыс істеген жақында вирустан қайтыс болған ер адамның туыстары да бар.

"Қайтыс болған адамның отбасы мүшелері - үш адам инфекциялық боксқа жатқызылды. Карантиндік стационарда жатқан екі науқастан да вирус табылып, инфекциялық боксқа жатқызылды. Тағы бір адам - үй карантинінде болған, қазір оны ауруханаға жатқызып жатыр. Эпидемиологиялық зерттеу жүргізіліп жатыр. Үй карантинінде болған адаммен байланыста болған адамдар анықталып жатыр" деді Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасы.

Биліктің хабарлауынша, марқұммен шамамен 200 адам байланыста болған: 54 адам провизорлық карантинге жатқызылған, 150 адам - үй карантинінде. 2 сәуір күнгі дерек бойынша, Қарағандыда 21 адамнан вирус табылған.

Қарағандыда коронавирустан ер адам қайтыс болғаннан кейін Теміртау қаласының аумағына блокбекеттер қойылып, қоршалды. Тұрғындарға қаладан шығуға тыйым салынды. 2 наурызда таңертең Теміртауда дауыс үдеткіші бар арнайы көліктер жүріп, қалада карантин режимі орнағанын, тұрғындарға карантин ережелерін қатаң сақтап, үйде қалуға кеңес берді. Көшеде адамдар қарасы азайды.

Бұған дейін Қарағанды облысында Қарағанды қаласы, Абай, Саран, Шахтинск қалалары карантинге жабылған еді. Блокбекеттерде арнайы жасақ, санитарлық қызмет өкілдері, әскерилер жүр.

Облыстық полиция департаментінің дерегінше, медициналық, санитарлық қызмет, құқық қорғау орган өкілдері, құтқарушылар жүк көліктері мен инкассаторлар, ғұрыптық қызмет көрсету мамандары блокбекеттерден өте алады. Мұндай жағдайда олар қызметтік куәлігі немесе жұмыстан анықтама көрсетуі керек. Блокпостардан өтетін адамдарда медициналық маска, резина қолғап, антибактериялық гель болуы керек.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG