Accessibility links

Қызылордада ондаған адам 42 мың теңге алу үшін "Қазпошта" алдына жиналды


"Қазпошта" алдында жауап күтіп тұрған адамдар. Қызылорда, 3 сәуір 2020 жыл.
"Қазпошта" алдында жауап күтіп тұрған адамдар. Қызылорда, 3 сәуір 2020 жыл.

3 сәуірде түс кезінде Қызылордада "Қазпошта" алдына ондаған адам жиналып, 42 500 теңге көлемінде әлеуметтік төлемді алу үшін құжат рәсімдей алмай жүргеніне шағымданды. Бұған дейін билік өкілдері төтенше жағдайдың кесірінен жұмыссыз қалған немесе ақысыз демалысқа жіберілген адамдарға 42 500 теңге көлемінде әлеуметтік төлем төлейтінін, оған онлайн арқылы тіркелу қажеттігін айтқан еді.

Төрт бала тәрбиелеп отырған жалғызбасты ана Маржан Асқарқызы интернет арқылы тіркелуге мүмкіндігі жоқтығын, сол себепті құжаттарын рәсімдеу үшін осында келгенін айтады.

- Өзім пәтер жалдап тұрамын. Пәтер иесі ақысын төлемесеңдер, босатыңдар деп жатыр. Көлік жуатын жерде істегенмін. Өткен аптада жұмысымыз тоқтады. Енді бұдан былай қалай өмір сүретініміз белгісіз. Бұған дейін күн сайын бәліш пісіріп, дүкенге қоюшы едік. Қазір енді содан да айрылып тұрмыз. Өткенде көп балалы аналарға азық-түлік беріледі деген соң тізімге тіркелгенбіз. Бірақ әлі күнге дейін азық-түлік алған жоқпыз. Үйде төрт майда бала бар. Екеуі кішкентай, екеуі мектепте оқиды. Қазір ешкімнен жауап ала алмадық, - деді Маржан Асқарқызы Азаттық тілшісіне.

Жиналған адамдардың бірі әлеуметтік төлем алу үшін 2600 теңге төлеу қажеттігін, оны төлегеннен кейін қаржылай көмек ала ма, жоқ па, оны да білмей отырғанын айтты.

"Қазпошта" бөлімі жетекшісінің орынбасары Айзат Ізтілеуова сәуірдің 1-10 аралығында зейнеткерлерге зейнетақысын беріп жатқанын, кезекке тұрған адамдардың ақша беруге кедергі жасап жатқанын айтты.

"Бірақ соған қарамастан карантин талаптарын сақтап, бір-бірлеп кіргізуге тырысып жатырмыз" деді ол. Бірақ ол сыртқа шығып, жиналғандардың сұрақтарына жауап бермеді.

Қызылорда уақытымен күндізгі сағат 14.00-де жиналған топ тарамай тұрды. Кейбір әйелдер түстен кейін облыстық әкімдікке немесе "Нұр Отанға" баратынын айтты.

Шымкентте де ондаған адам "Қазпошта" мен банк алдына 42 500 теңге көлемінде әлеуметтік көмек алу үшін есепшот ашып, банк картасын алу үшін жиналды.

Қызылорда мен Шымкентте бұған дейін де тұрғындар әлеуметтік мәселелерін айтып, шағымданған.

Видео: Шымкенттіктер мен қызылордалықтар биліктен көмек жоқтығына шағынды (30 наурыз 2020 жыл).

"Ашпыз!". Шымкенттіктер мен қызылордалықтар биліктен көмек жоқтығына шағынды
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:48 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG