Жаббор-Расул ауданындағы орталық ауруханада 60 жастағы науқас қайтыс болғаннан кейін Тәжікстан билігі аурухананы карантинге жапты.
Аурухананың 11 дәрігері мен медицина қызметкерінен коронавирус белгілері байқалған. Олар Худжанд қаласындағы инфекциялық ауруханаға жатқызылған. Бұл туралы Азаттықтың Тәжік қызметі хабарлады. 31 наурызда пневмониядан қайтыс болды делінген науқастың туыстарының айтуынша, марқұм жақында Қырғызстанға тойға барған.
Науқастың қайтыс болғанын және аурухананың карантинге жабылғанын Озоди радиосына денсаулық сақтау саласы мен құқық қорғау органындағы бірнеше ақпарат көзі растаған.
5 сәуірде кешке ауруханаға барған Озоди радиосының тілшілері аурухана ауласында қорғаныш киім киіп, медициналық маска таққан адамдар жүргенін көрді. Ауруханадағы күзетшілер де маска таққан. Ауруханаға кіруге тыйым салынған. Күзет қызметкерлерінің айтуынша, "екі науқастың дене қызуы көтерілген".
Денсаулық сақтау саласы мамандарының айтуынша, Худжанд қаласындағы инфекциялық ауруханаға жатқызылған 11 дәрігердің дене қызуы көтерілген. Аурухана қызметкерлері олардың жағдайын ауыр деп бағалайды. Барлығы жеке бокстарға орналастырылған.
Тәжікстан билігі әлі күнге дейін елде коронавирус барын жоққа шығарып келеді. Тәжікстан билігінің ресми мәлімдемесіне күмән келтіретін сыншылар да бар.
Оқи отырыңыз: Тәжікстан билігі "коронавирус жоқ" дейді, сыншылар күмән келтіреді
ПІКІРЛЕР