Accessibility links

Алматыда мұқтаждарға азық таратқан үш еріктіге айыппұл салынды


Көрнекі сурет.

Алматыдағы Түрксіб аудандық соты мұқтаждарға азық-түлік таратқан «Новая жизнь» шіркеуінің үш еріктісін – Иван Крюков, Петр Шелепанов пен Роман Мельгафты Әкімшілік кодекстің "Төтенше жағдай режимiн бұзу" бабымен кінәлі деп тауып, әрқайсысына 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (26 510 теңге) айыппұл салды. Аудандық сот шешімді 5 сәуірде шығарған.

Еріктілердің адвокаты Айман Омарова «үш азаматты жазықты деп санамайтынын, сот шешімін апелляцияға беретінін» айтты.

Үш ерікті 4 сәуірде ұсталған. Омарованың Facebook парақшасындағы тікелей эфирде сөйлеген ерікті Иван Крюков «Сот кезінде мені ұстағаны туралы хаттаманың 22.05-те толтырылғанын анықтадық. Бірақ полиция мені 17.00-де ұстаған. Телефоным полиция бөлімшесінің жанындағы ғимарат ішінде болса да, жақындарыма хабар беруге жіберген жоқ» деді. Омарованың сөзінше, полиция үш белсендіні кешке ұстап, таңға дейін «тар бөлмеде тамақсыз, сусыз» қамауда ұстаған.

Жауапқа тартылған еріктілер шіркеуге келіп жүрген мұқтаждарға азық-түлік таратқан. Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбек үш азаматтың қала ішінде жүріп-тұру рұқсаты берілетін «еріктілер тізіміне тіркелуге міндетті болғанын» айтады.

Еріктілер «көмек таратуға шықпас бұрын Алматы әкімдігінің қоғамдық даму басқармасынан рұқсат алғанын, басқарма қызметкері «кедергі болмайды» дегенін» айтады.

Азаттық қала әкімдігіне хабарласып, рұқсат берілген-берілмегені жайлы пікір сұраған. Баспасөз қызметі ресми жауапты бірнеше сағаттан соң жіберді. Алматы әкімдігі қоғамдық даму басқармасының жауабында карантин кезінде «әр конфессияның бірнеше діни қызметкеріне карантин уақыты кезінде шіркеуге келіп-кетуге, адам өлімі болған жағдайда діни рәсімдерді өткізуге ғана рұқсат берілді» деп жазылған. Басқарма «Новая жизнь» діни бірлестігінің пасторлары Иван Крюков пен Елена Перекрестоваға мұндай рұқсат берілгенін айтады. Бірақ әкімдік жауабында «рұқсатта азық-түлік таратуға рұқсат берілгені туралы ешбір сөз болмаған» деп жазылған.

Бұл – «Новая жизнь» шіркеуі пасторларының үстінен қозғалған алғашқы іс емес. Былтыр шілдеде шіркеудің бұрынғы үш басшысы «алаяқтық», «денсаулыққа қасақана зиян келтіру», «заңсыз бірлестік құрып, оның қызметіне қатысу» баптарымен айыпты деп танылған.

Қарашада үкім күшіне енді. Сот Максим Максимовты – бес жылға, Людмила Максимова мен Сергей Заикинді – әрқайсысын төрт жылға бас бостандығынан айырып, сырттай соттаған.

Оқи отырыңыз: "Қылмыстық рөлдер" мен "жалған құлшылық". "Новая жизнь" пасторларына қандай айып тағылды?

«Елде қуғын көрдік» деп есептейтін Қазақстанның үш азаматы 2018 жылдан бері АҚШ-та тұрып жатыр. Үш пастор сот үкімін «Новая жизнь» шіркеуін көп жыл бойы қудалаудың заңды жалғасы деп атаған.

Коронавирус пандемиясына байланысты Қазақстанда төтенше жағдай жарияланып, бірнеше қала карантинге жабылған. Билік карантин ережесін бұзғандардың «әкімшілік не қылмыстық жауапқа тартылуы мүмкін екенін» ескерткен. Ірі қалалар жабылған соң жұмыссыз қалғандар көбейіп, көмекке мұқтаждар саны артқан. Табысынан қағылғандарға Қазақстан үкіметі ай сайын 42 500 теңге жәрдемақы тағайындады. 6 сәуірде еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі үкімет көмегін алуға 1 млн 284 мың адамнан өтініш келіп түскенін хабарлады.


  • 16x9 Image

    Аян ҚАЛМҰРАТ

    Аян Қалмұрат - Азаттықтың Алматы бюросында 2017 жылдан бері тілші. Тұран университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Бұрындары 7kun.kz ақпарат агенттігі мен "Жас Алаш" республикалық қоғамдық-саяси газетінде жұмыс істеген. 

     

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG