Accessibility links

Жәкішев: Түрмеден шыққан соң анамның қабіріне бардым


Тікелей эфирде қолданушылардың сұрақтарына жауап беріп отырған Мұхтар Жәкішев.
Тікелей эфирде қолданушылардың сұрақтарына жауап беріп отырған Мұхтар Жәкішев.

Жақында түрмеден шыққан "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясының бұрынғы жетекшісі Мұхтар Жәкішев 8 сәуірде Facebook-та тікелей эфирге шығып, қолданушылардың сұрақтарына жауап берді. Ол бостандықтағы алғашқы бірнеше аптаның қалай өткенін айтып, әсерімен бөлісті.

Эфир басында түрмеде отырған кезде өзін қолдаған азаматтарға алғыс айтып, келген хаттар "сүзгіден өткендіктен" жауап беруге мүмкіндігі болмағанын жеткізді.

11 жылдан кейін бірінші рет отбасымен қауышқан Жәкішев балаларының "өз пікірі қалыптасқан ересек азамат" болғанын көріп қуанған. Бірақ Швейцариядағы үлкен қызын карантинге байланысты көре алмаған.

Ол түрмеден шыққаннан кейін бірінші күні анасының қабіріне барған.

"Анам әкемнің жанына жерленген екен. Қабір басында бір жарым сағат тұрдым. Өзімді жалғыз қалдырып кетуді сұрадым. Себебі менің айтатыным көп еді. Ата-анам мені еститін шығар деп үміттенемін" деді Жәкішев эфир кезінде.

2018 жылы қыркүйек айында Жәкішевтің анасы ауыр сырқаттанып, көз жұмған болатын. Түрмеде болған Жәкішевке қылмыстық атқару жүйесі комитеті анасының жерлеу рәсіміне қатысуына рұқсат бермеген.

Оқи отырыңыз: Мұхтар Жәкішевті анасының жерлеуіне жібермеді

8 сәуірде тікелей эфир кезінде Жәкішев карантинге байланысты толық медициналық тексеруден өте алмағанын, карантиннің аяқталуын күтіп жүргенін айтты.

"Дәрігерлер растаса, ауруды жеңем деген үлкен үмітім бар. Егер айықсам, өзімді маманымын деп есептейтін қызығатын салам - жұмыс орындары мен кәсіпорын ашуға күш саламын" деді ол.

Ол ел экономикасына байланысты сұрақтарға терең жауап бере алмайтынын, себебі қолында ақпараты жоғын және бар ақпаратты сараптап үлгермегенін жеткізді.

"Күніне екі сағаттан артық жұмыс істесем, қан қысымым көтеріліп кетеді" деді Жәкішев.

Алдағы жоспары туралы сұраққа "бәрі денсаулығыма байланысты" деп жауап берді. Ол алда осылайша тікелей эфирге шығып тұруы мүмкін екенін айтты.

Тікелей эфир кезінде Жәкішев атом энергетикасы, карантин, ғаламдық дағдарыс сияқты мәселелерді шолып өтті.

19 наурызда "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішев шартты жазамен бостандыққа шыққан еді.

Оқи отырыңыз: Мұхтар Жәкішев бостандыққа шықты. Түрме алдындағы кездесу

Қазақстандық құқық қорғаушылар "саяси тұтқын" деп таныған Жәкішев түрмеде 11 жыл отырды. Абақтыда отырған кезде қан қысымы көтеріліп, денсаулығы нашарлады. Көптеген халықаралық және жергілікті құқық қорғау ұйымдары Қазақстан билігінен оны босатуды талап етті. 2015 жылы Жәкішевтің шағымын қараған Біріккен ұлттар ұйымының адам құқықтары жөніндегі комитеті оның құқығы бұзылғанын растап, Қазақстан билігін тұтқынды босатуға шақырған.​

2009 жылы Қазақстан соты Мұхтар Жәкішевті жемқорлық қылмысын жасаған деген айыппен 14 жылға түрмеге қамауға үкім еткен. Қазақстандық кейбір құқық қорғаушылар Жәкішев Қазақстаннан 2009 жылы ақпанда шетелге кетіп қалған бұрынғы банкир, билікті сынаушы Мұхтар Әблязовпен достық қарым-қатынаста болғаны үшін қудаланды деп санайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG