Accessibility links

Мұхтар Жәкішев бостандыққа шықты. Түрме алдындағы кездесу


Мұхтар Жәкішевтің Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеу абақтысында қамауда отырғанда түскен суреті. Астана (қазір - Нұр-Сұлтан), 18 шілде 2009 жыл.
Мұхтар Жәкішевтің Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеу абақтысында қамауда отырғанда түскен суреті. Астана (қазір - Нұр-Сұлтан), 18 шілде 2009 жыл.

Наурыздың 19-ы күні "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішев шартты жазамен бостандыққа шықты. Қазақстандық құқық қорғаушылар "саяси тұтқын" деп таныған Жәкішевті Семейдегі колония қақпасы алдында елдің әр аймағынан келген ондаған белсенді қарсы алды.

2009 жылы көктемде жемқорлық айыбымен тұтқындалған, құқық қорғаушылар мен жақтастары "саяси астармен қуғындалды" деп санайтын Мұхтар Жәкішев 11 жылға жуық түрмеде отырғаннан кейін шартты жазамен бостандыққа шықты.

ТҮРМЕ АЛДЫНДА САРЫЛА КҮТУ

Мұхтар Жәкішевті қарсы алу үшін Семейге Қазақстанның әр аймағынан: Алматы, Ақтөбе, Атырау, Нұр-Сұлтан мен Өскеменнен 50-ге жуық белсенді арнайы келді. Бұған дейін сот шартты жазамен қамаудан босатуға пәрмен берген Мұхтар Жәкішевті колониядан жергілікті уақытпен таңертеңгі сағат 9-да босатуға уәде еткенімен, тұтқынды қарсы алу үшін жиналғандарға түрме қақпасының алдында бір жарым сағаттан артық күтуге тура келді.

- Азаматтық көзқарасым мен ұстанымымды оятуға бірден бір себепкер болған Мұхтар Жәкішевке разымын. Барлық сотына қатыстым, өте көп белсенді келген еді. Азамат Байкенов, Дулат Ағаділ болды. Шымкенттен, Тараздан, Ақтөбеден – халық өте көп болды. Әрине, ол кезде өте ауыр болды, қатты қапа болдық. Ақыр соңында биыл міне оны босатты. Әрине, соншама ұзақ уақыт қапаста болғаны үшін одан кешіріп сұрағың келеді. Енді өзгелер үшін күресеміз. Онда әлі Арон Атабек, Макс Боқаев және талай адам отыр, - дейді белсенді Әлия Исетова.

Семейдегі ОВ-156/14 колониясы қақпасының алдына жиналған белсенділер кеудесіне #freeDzhakishev ("Жәкішевке бостандық") деген жазуы бар шолақ жең жейде киді. Кейбірінің қолында жазуы бар плакаттар болды.

Мұхтар Жәкішев қамауда отырған колонияның алдында тұтқынның портретін ұстап, кейбірі оның бейнесі салынған шолақ жең жейде киіп тұрған белсенділер. Семей, 19 наурыз 2020 жыл.
Мұхтар Жәкішев қамауда отырған колонияның алдында тұтқынның портретін ұстап, кейбірі оның бейнесі салынған шолақ жең жейде киіп тұрған белсенділер. Семей, 19 наурыз 2020 жыл.

- "Қазатомөнеркәсіпті" әлемдік деңгейге көтеріп, алдыңғы қатарға шығарған адамды 10 жыл түрмеде ұстау – әділетсіздік. Оны қамаудан босатуға пикет, шерулерге шыққан адамдар да еңбек сіңірді. Билік қоғамның қысымынан соң Жәкішевті босатқан шығар. Егер адамдар белсенділік танытпаса оны босатпас еді. Бірақ оның 10 жыл бойы қапаста отыруына тура келгені қынжылтады. Егер ол өз қызметінде отырғанда өте көп іс тындырар еді. Мұндай адамдарды бәзбіреулер қалайды екен деп қамап тастауға болмайды, оларды қызғыштай қору керек, - дейді семейлік белсенді Фарит Ишмухаметов.

Бір кезде белсенділер арасында билік Мұхтар Жәкішевті осында жиналғандардан жасырып, колониядан автокөлікке салып алып шығып, жұрт онымен жүздесе алмай қалып жүрмей ме деген абыржу пайда болды. Тек таңертеңгі сағат 11-ге қарай колонияның қақпасы ашылып, ішінен Жәкішев отырған автокөлік сыртқа шыққан кезде ғана жұрттың көңілі орнына түскендей болды.

Бағанадан бері түрме қақпасын жіті бақылап тұрған адамдар "Мұхтар жасасын!", "Алға Қазақстан!" деп айғайлап қоя берді. Қуанышын жасырмай алға ұмтылған жұрт сыртқа шыққан көлікті қаумалап алды. Көліктен әйелі Жәмиламен бірге түскен Мұхтар Жәкішевке біреулер қазақ салт-дәстүрімен шашу шашты. Таңертеңнен бері өздері тағатсыздана күткен Жәкішевті лезде қоршап алды. Өзін қарсы алушыларға жымия қараған Мұхтар Жәкішев өзіне қарай жыпырлай созылған қолдарды кезек-кезек қысып, барлығымен қысқаша амандасып, елге ризашылығын білдірді.

- Құрметті ағайын, бауырлар! Қиын уақытта менімен бірге болып, қолдау көрсеткендеріңізге көп рахмет! Шын жүректен алғыс айтамын, - деді Жәкішев қазақша. Мұнан соң сөзін орыс тілінде жалғастырды.

11 жылға жуық қамауда болған Мұхтар Жәкішев бостандыққа шықты. Семей, 19 наурыз 2020 жыл

11 жылға жуық қамауда болған Мұхтар Жәкішев бостандыққа шықты
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:41 0:00

- Мен үшін, отбасым үшін аса маңызды болған қолдауларыңыз үшін сіздерге көп рахмет. Ол уақыттың бәрі арта қалды деп үміттенемін, - деді Жәкішев.

Мұхтар Жәкішев жиналған жұртқа біраздан соң ұшаққа мініп, Алматыға аттанатынын хабарлады.

ҚАПАСТА ӨТКЕН 11 ЖЫЛ

2009 жылы Қазақстан соты Мұхтар Жәкішевті жемқорлық қылмысын жасаған деген айыппен 14 жылға түрмеге қамауға үкім еткен. Қазақстандық кейбір құқық қорғаушылар Жәкішев Қазақстаннан 2009 жылы ақпанда шетелге кетіп қалған бұрынғы банкир, билікті сынаушы Мұхтар Әблязовпен достық қарым-қатынаста болғаны үшін қудаланды деп санайды.

2013 жылы қазақстандық бірқатар құқық қорғау ұйымы бұрын ешқашан саясатпен айналыспаған Мұхтар Жәкішевті саяси тұтқын деп таныған.

Жәкішев қамаудағы 11 жылға жуық мерзімнің жартысына жуығын Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеу абақтысында өткізді. Адвокатының айтуынша, ол жерде бірнеше рет Мұхтар Жәкішевтің қан қысымы көтеріліп, қатты қысылып қалған. Бұдан соң ол Қазақстан ішкі істер министрлігіне қарасты Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің тергеу абақтысында қамауда отырды.

2015 жылы Біріккен ұлттар ұйымының Адам құқықтары жөніндегі комитеті сот процесінде Жәкішевтің құқығы бұзылғанын айтып, оған шығарылған үкімнің күшін жоюға шақырып, мәлімдеме жасаған.

2018 жылы наурызда норвегиялық Хельсинки комитеті мен "Орталық Азиядағы адам құқығы" қауымдастығы Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа ашық хат жазып, "науқас саяси тұтқын" Мұхтар Жәкішевке "адамшылық танытып" түрмеден босатуды сұраған.

Жәкішевтің бұрыннан бар гипертониясы қамауға алынғаннан кейін асқынып, 2018 жылы жазда арнайы медициналық комиссия оған үшінші топ мүгедектігін берген.

Мұхтар Жәкішев.
Мұхтар Жәкішев.

2018 жылы ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті тұтқын Мұхтар Жәкішевке хәл үстінде жатқан анасы – Раиса Жәкішевамен кездесуге, кейін анасы қайтыс болғанда жерлеуге қатысуына рұқсат бермеді. Шамамен сол кезде Жәкішев сот кескен жаза мерзімінің үштен екісін өтеп болып, шартты бостандыққа шығаруды сұрап өтініш берген болатын. 2018 жылы сот "Жәкішев мемлекетке келтірген 99,6 миллиард теңге шығынды өтемеген" деген уәжбен оның өтінішін қанағаттандырмады.

2019 жылы қаңтардың 4-і күні Шығыс Қазақстан облыстық соты Жәкішевтің шартты бостандыққа шығаруды сұрап жазған апелляциялық арызын қанағаттандырудан бас тартты.

Сол жылы шілденің 24-і күні Жәкішевтің шартты жазамен босату жайлы өтінішін де сот тұтқынның ынталандыру шарасына жеті рет іліккенімен бірізділік жетіспейтінін және азаматтық талап арыз бойынша сот кескен шығынды өтеуге тырыспағанын алға тартып, қанағаттандырмай қойды.

Биыл наурызың 3-і күні Семейдің №2 соты Мұхтар Жәкішевтің шартты жазамен мерзімінен ерте қамаудан босатуды сұрап жазған үшінші өтінішін орындады. Жәкішев жаза мерзімінің қалған бөлігінде – 3 жыл 2 ай 17 күн бойы пробация бақылауында болады. Оған тұрғылықты орнынан басқа жерге полицияның рұқсатынсыз баруына, негізгі жаза мерзімін толық өтемейінше және пробация уақыты бітпей шетелге шығуына тыйым салынады.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG