Accessibility links

Қызылорда облысында вирус жұқтырғандар 92 адамға жетті


Төтенше жағдай кезінде берілетін әлеуметтік көмекті алу үшін құжат рәсімдеуге келген жұрт. Қызылорда қаласы, 6 сәуір 2020 жыл.
Төтенше жағдай кезінде берілетін әлеуметтік көмекті алу үшін құжат рәсімдеуге келген жұрт. Қызылорда қаласы, 6 сәуір 2020 жыл.

Денсаулық сақтау министрлігі 9 сәуірде таңертең Қызылорда облысында жеті адамнан коронавирус табылғанын хабарлаған болатын. Бес науқас - Шиелі ауданында, біреуі - Сырдария ауданында, тағы бір науқас Қызылорда қаласында тұрады. Алтауы коронавирус жұқтырған адаммен байланыста болған. Ал Қызылорда қаласының тұрғынынан жедел респираторлық вирус инфекциясы белгілері байқалып, дәрігерге көрінген. Тексерген кезде вирус бары анықталған.

Соңғы мәлімет бойынша, Қызылорда облысында 92 адамнан коронавирус табылған: Қызылорда қаласында – 10, Жаңақорған ауданында – 16, Қармақшы ауданында – 4, Шиелі ауданында – 52, Сырдария ауданында – 8, Арал ауданында - 2 адамға вирус жұққан.

92 науқаспен байланыста болған 1143 адам анықталған. Дәрігерлер оларды бақылауға алған, оқшауланған. Ресми БАҚ-тың хабарлауынша, облыстық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі Жақсылық Әбдісәметов 9 сәуір күнгі брифинг кезінде тұрғындардың карантин ережелеріне қажетті дәрежеде мән бермей отырғанын айтқан.

"Облысымыздағы ахуал барған сайын күрделеніп барады. Бір тәулікте 23 адамнан вирус табылуы – дабыл қағатын жағдай. Өңір тұрғындары бұл мәселені түйсініп, дұрыс шешім шығармағаннан кейін осындай жағдаймен бетпе-бет келіп отырмыз. Тұрғындар карантин тәртібін сақтауы керек. Барлық өңір тұрғындары, елді мекендерде түсіндіру жұмыстары жүргізілгеніне қарамастан, карантин талаптарына мән берілмей келеді" деді Жақсылық Әбдісәметов.

Қызылорда облысы коронавирус жұқтырғандар саны бойынша республикада Нұр-Сұлтан (223) және Алматыдан (120) кейін үшінші орында тұр. Наурыз айының соңы және сәуір айының басында Қызылорда қаласы мен Жаңақорған ауданы карантинге жабылған. Облыста шектеу шаралары күшейтілген.

Қарай отырыңыз: Қазақстан аймақтарында вирустың тарау динамикасы (Гистограмма)

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG