Accessibility links

Еуроодақ қаржы министрлері экономиканы құтқару жоспарын қабылдады


Паоло Джентилони.
Паоло Джентилони.

Еуропа Одағының қаржы министрлері коронавирус індеті кезінде экономикаға дем беретін құны 500 млрд еуро болатын жоспарды мақұлдады. Бірнеше апта бойы келісімге келе алмаған министрлер 9 сәуірде жұмысшы, кәсіпкер, мемлекетті қолдайтын шаралар бойынша ортақ мәмілеге келді.

Еуроодақтың экономика жөніндегі комиссары Паоло Джентилони келісімді "денсаулық сақтау саласы, резервтегі қор, бизнес өтімділігін қолдайтын теңдессіз пакет" деп атады.

Жоспар екі апта ішінде іске қосылады. Пакетте Еуропа тұрақтылық механизмі қорынан Италия және Испания сияқты вирустан қатты зардап шеккен мемлекеттерге 240 млрд еуро көлемінде қаржылай көмек беру қарастырылған. Жұмыс орындарын сақтау қалуға 100 млрд еуро көлемінде қаржы бөлінеді. Бизнесті қолдауға Еуропа инвестициялық банкінен 200 млрд еуро көлемінде қаржы бөлу қарастырылған.

Бірақ келісімде ортақ несие инструменті "коронобондтар" жайлы айтылмаған. Бұған дейін мұны қарызы көп Италия, Испания, Франция сияқты елдер қолдағанмен ауқатты Германия, Нидерланды, Финляндия, Австрия қарсы болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG