Accessibility links

Қазақстанда төтенше жағдай сәуірдің соңына дейін созылды


Алматыдағы блокбекеттердің бірінде тұрған сарбаз. 19 наурыз 2020 жыл.
Алматыдағы блокбекеттердің бірінде тұрған сарбаз. 19 наурыз 2020 жыл.

Қазақстанда төтенше жағдай режимі 30 сәуірге дейін созылады, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент және бірқатар облыстарда карантин режимі ұзартылады.

10 сәуірде төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссия отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстан коронавирус таралуының шарықтау шегіне жеткен жоқ" деп қатаң шараларды алып тастауға болмайтынын айтқан. Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли хабарлады.

"Індетке қатысты жағдайды жеңілдетуге болмайды. Сол себепті карантин режимін Нұр-Сұлтанда, Алматы мен Шымкентте және тиісті облыстарда сәуірдің аяғына дейін созуды тапсырамын. Мұның оңтайлы шешім емес екенін түсінемін. Өйткені халық көшеге шығып, қалыпты тұрмысын жалғастырғысы келеді. Бірақ карантин режимін сақтаудан, оқшауланудан басқа жол жоқ. Бұл отандық және халықаралық вирусолог мамандардың ұсынысы" деді Тоқаев.

Төтенше жағдайды қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия мүшесі, мәжіліс депутаты Владимир Божко "Интерфакс-Қазақстан" агенттігіне төтенше жағдай режимі сәуір соңына дейін созылғанмен шағын және орта бизнес өкілдеріне ереже жұмсаратынын айтқан.

Қазақстанда коронавирусқа байланысты 16 наурыз бен 15 сәуір аралығында төтенше жағдай жарияланған. Коронавирус көп табылған Нұр-Сұлтан, Алматы, Қызылорда және өзге де бірқатар қалаларда карантин жарияланып, шектеу шаралары күшейтілген болатын.

Қазақстанда соңғы мәлімет бойынша, 802 адамнан коронавирус табылған. 63 адам айыққан. 9 адам қайтыс болған.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG