Accessibility links

Шымкентте жүйке аурулары диспансері қызметкерлерінен вирус табылып, бір бөлім карантинге жабылды


Шымкенттегі блокпост. 2 сәуір 2020 жыл.
Шымкенттегі блокпост. 2 сәуір 2020 жыл.

Шымкент қаласының аумағында орналасқан Түркістан облыстық жүйке аурулары диспансерінің неврология бөлімінің үш медицина қызметкерінен коронавирус табылды. Қазір бөлім толық карантинге жабылған. Бұл туралы Азаттыққа қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Әбдіманап Түлебаев айтты.

Түлебаевтың сөзінше, Нұр-Сұлтаннан Шымкентке келген соң коронавирус жұқтырған 24 жастағы жолсеріктің шешесінен де вирус табылған. Жолсеріктің шешесі басында вирус жұқтырғанын білмей жүйке жүйелері ауруханасына жұмысқа барып жүрген. Кейін 8 сәуірде ол әйелдің екі әріптесінен де вирус анықталған. 9 сәуірде жолсеріктің шешесінен вирус жұқтырған екі қызметкердің төрт туысы да Covid-19 дертіне шалдыққан.

- Науқастардың бәрі жұқпалы аурулар ауруханасында емделіп жатыр. Диспансердің неврология бөлімі мен онда жұмыс істейтін медицина қызметкерлері карантинге жабылды, - деді департамент басшысы.

Бұған дейін Петропавл-Қызылорда пойызының 24 жастағы жолсерікке және оның әке-шешесі, ағасы және әйелі мен баласына короновирус жұққан. Жолсерікке вирус Нұр-Сұлтаннан Шымкентке келіп, Түркістан облысы Жетісай қаласына кеткен тұрғыннан жұққаны анықталған.

10 cәуірдегі дерекке сай, Шымкентте короновирус жұқтырғандар саны 31 адамға жетті.

4 сәуірде Шымкент қаласы карантинге жабылған. Қала аумағына 18 блокбекет қойылған. Тұрғындарға көшеде маска кию міндеттелген. Көшеде рұқсатсыз көлікпен жүруге тыйым салынған.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 10 сәуірде елдегі төтенше жағдайды, соның ішінде Шымкент, Алматы, Нұр-Сұлтандағы карантинді айдың аяғына дейін созды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG