Accessibility links

Министрлік алдағы 1-2 аптада эпидемия шарықтау шегіне жетеді деп болжайды


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстанда алдағы бір-екі аптада эпидемия шарықтау шегіне жетеді деп болжайды.

"Соңғы төрт күнде вирус жұқтырғандардың азайғанын байқап отырмыз, 3 пен 7 пайыз аралығында ауытқып тұр. Бірақ эпидемия шарықтау шегіне жеткен жоқ. Алматы мен Нұр-Сұлтанда карантиндік шаралар күшейгендіктен вирус жұқтырғандар айтарлықтай азайды, ал кейбір аймақтарда эпидемияның өрістеп жатқаны байқалады. Жалпы республика бойынша алдағы бір-екі аптада эпидемия шарықтау шегіне жетеді деп ойлаймыз" деді министрліктің жауапты хатшысы Ботагөз Жақселекова.

Соңғы мәлімет бойынша, Қазақстанда 802 науқас бар. Ведомство өкілінің айтуынша, 137 адамға вирус басқа елден жұққан. 539 адам вирус жұққан науқаспен араласып, дертке шалдыққан. 126 адамнан пневмония, жедел респираторлық вирус инфекциясы белгілері байқалып, анализ тапсырған кезде коронавирус табылған.

Қазір 712-і инфекциялық ауруханада емделіп жатыр. Бір адамның жағдайы - өте ауыр (Алматы). 17 адамның жағдайы - ауыр, 107-інікі - орташа ауыр. 80 пайызының жағдайы жақсы.

Науқастармен байланыста болған 23 мыңнан астам анықталған. 90 пайызы табылып, оқшауланған.

Қазақстанда коронавируспен күрес шараларына үкімет резервінен 17 млрд теңге бөлінген. Министрліктің айтуынша, бұл қаражат дәрі-дәрмек, қорғаныш киім, құрал-жабдықтарын сатып алу, науқастарды тасымалдау, тест шығару, тест сатып алу, дезинфекция жұмыстарын жүргізу және өзге де шараларға жұмсалған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG