Әлемде коронавирустан қайтыс болғандар жүз мыңнан асты. Джон Хопкинс университетінің дерегінше, 11 сәуірде вирус жұқтырғандар 1,7 миллион адамға жеткен. 102 мыңнан астам адам қайтыс болған.
Испания, Франция, Италия, Ұлыбританияда күн сайын жүздеген адам өліп жатыр. Еуропада 64 мыңнан астам адам вирустан көз жұмған.
АҚШ-та шамамен 18 700 адам вирустан қайтыс болды. Мұнда 500 мыңнан астам адамнан вирус табылған. Бұл әлем бойынша ең жоғары көрсеткіш.
10 сәуірде АҚШ президенті Дональд Трамп 100 мың адам қайтыс болуы мүмкін деген дәрігерлер болжамымен келіспейтінін айтты. Қазір АҚШ-тың Нью-Йорк Штаты вирустан қатты зардап шегіп жатыр.
Трамп жұма, 10 сәуір күнгі брифинг кезінде "вируспен күресудің агрессивті стратегиясы нәтижесін көрсетті" - вирус жұқтырғандар алғаш рет азая бастады деп мәлімдеді. Ол сонымен бірге 14 сәуірде АҚШ экономикасын қалпына келтіру бойынша шұғыл топ құрылатынын айтты.
Еуропа мен өзге мемлекеттер коронавирустың экономикаға ықпалын азайту үшін шектеу шараларын жұмсарту туралы айта бастады. Мысалы, Испания келесі аптадан бастап кейбір кәсіпорындардың жұмысын қалпына келтіруді жоспарлап отыр.
Алайда денсаулық сақтау саласы сарапшылары шектеу шаралары жұмсарса, вирус жұқтырғандар саны күрт көбеюі мүмкін деп алаңдайды.
Сарапшылар коронавирусты анықтайтын тест жетіспегендіктен және кейбір үкіметтер ақпаратты жасырғандықтан вирус жұқтырғандар ресми деректен әлдеқайда көп болуы мүмкін деп санайды.
ПІКІРЛЕР