Accessibility links

Жамбыл облысында инфекционист дәрігер шағымынан соң аурухана басшылығы қызметінен кетті


Коронавирус жұқтырған дәрігер Толқынай Ордабаева (Сурет жеке мұрағатынан алынды).
Коронавирус жұқтырған дәрігер Толқынай Ордабаева (Сурет жеке мұрағатынан алынды).

Жамбыл облысында инфекционист дәрігер шағымынан соң аурухана басшылығы қызметінен кетті. Бұл туралы Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

"Комиссия [Меркі] аудандық ауруханасы жұмысының, оның ішінде дәрігерлер Т.Ордабаева мен Қ.Төреқұлдың өтініштерінде көрсетілген фактілерді тексерді. Көптеген мәліметтер расталды. Ұжымда жағымсыз моральдық-психологиялық жағдай қалыптасқан. Оған бірінші кезекте емдеу мекемесі басшылығының кәсіби міндеттеріне жауапсыз қарағаны себеп болған. Сол себепті аурухананың бас дәрігері міндетін атқарушы, бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары және бас есепші қызметінен босатылды" деді Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев.

Бұған дейін Жамбыл облысы Меркі аудандық емханасында коронавирус жұқтырған дәрігер Толқынай Ордабаева ауруханадағы жағдайға шағымданған болатын. Дәрігердің айтуынша, ауруханада маска мен қорғаныш киім жетпейді. Дәрігерлердің қауіпсіз жұмыс істеуіне жағдай жасалмаған.

Оқи отырыңыз: Коронавирус жұқтырған дәрігердің бастан кешкендері

Облыс әкімдігі өкілдері 11 сәуірде аудандық ауруханада жиналыс өткізіп, медициналық қызметкерлердің құқығын қорғау, оларды қорғаныш құралдарымен қамтамасыз ету мәселесіне ерекше мән берілетінін айтқан. Ұжымға жаңа бас дәрігер Райқұл Нұржановты таныстырған. Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев аурухана жағдайына шағымданған дәрігерлер Ордабаева мен Төреқұл заңсыз әрекеттерден қорықпаса да болады деп айтқан.

Соңғы мәлімет бойынша, Жамбыл облысында 46 адамнан коронавирус табылған. Қазақстанда барлығы 120-дан астам дәрігерге вирус жұққан.

Бұған дейін денсаулық сақтау министрлігі коронавируспен күресіп жатқан дәрігерлердің жалақысына 250-850 мың теңге аралығында үстеме ақы қосылатынын, кәсіби міндетін атқару кезінде коронавирус жұққан дәрігерлерге 2 млн теңге көлемінде сақтандыру төлемі берілетінін айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG