Accessibility links

Коронавирус жұқтырған дәрігердің бастан кешкендері


Коронавирус жұқтырған дәрігер Толқынай Ордабаева (Сурет жеке мұрағатынан алынды)
Коронавирус жұқтырған дәрігер Толқынай Ордабаева (Сурет жеке мұрағатынан алынды)

Жамбыл облысында коронавирус жұқтырған дәрігер Толқынай Ордабаева ауруханадағы жағдайға шағымданады. "Карантиндегі адамдарға дәрігерлер барғысы келмеді. Арасында жүкті әйел болған соң гинекологты айғай-шумен кіргіздік" деген дәрігер бастапқыда маска да тапшы болғанын айтады. Денсаулық сақтау басқармасының бастығы "ауруханада маска да, қорғаныш киімдері де жеткілікті" деп санайды.

"МАСКАНЫ ӨЗІМІЗ ТІКТІК"

Толқынай Ордабаева Меркі аудандық емханасындағы жұқпалы аурулар дәрігері. Аудандық ауруханада қосымша жұмыс істейді. Нұр-Сұлтанда коронавирус жұқтырған қариямен байланыста болған Меркі тұрғындарына тікелей медициналық қызмет көрсеткен.

Аудан бойынша жұқпалы аурулар дәрігері (инфекционист) екеу ғана. Егде кісілерге короновирус аса қауіпті болғандықтан бас инфекционист дәрігер демалысқа кетті. Бір жарым айдан бері жалғыз жұмыс істеп жүрмін. Науқас түссе күндіз, түнге қарамаймыз, дейді Толқынай Ордабаева.

Дәрігердің айтуынша, маска мен қорғаныш киім тапшылығы қатты сезілген. Алғашында 5-6 дана бергенімен, кейін медбикелері өздері маска тігіп, киюге мәжбүр болған

Карантинде жатқандармен тікелей жұмыс істейтін болғандықтан маған маска берді. Бір реттік қорғаныш киімдер болды. Басшылардың бірі киімді де үнемдеңдер деді. Бір рет киетін киімдердің табаны кірлегенін, маған дейін де киілгенін байқадым. Карантиндегілерге мамандығы инфекционист бас дәрігердің орынбасары да, терапевт маман да кірмеді. Арасында жүкті әйел болған соң гинекологты айғай-шумен кіргіздік, – дейді ол.

Карантиндегілерді сәуірдің біріне шығарған соң Толқын Ордабаева температурасының күрт көтеріліп, иммунтитетінің әлсірей бастағанын сезеді. Алайда ауырғанына қарамастан сәуірдің үшіне жұмысқа шығуға мәжбүр болған.

Басшылар менен басқа маман жоқ болған соң неде болса әрі қарай жұмыс істей беруді сұрады, дейді Толқынай Ордабаева.

Оның сөзінше, басшылардың бірі "облыстан жаңа тест келмейінше, тест тапсырмай қоя тұр" деген көрінеді.

Алайда Толқын Ордабаева қарт ата-анасына жұқтырып алудан сескеніп, сәуірдің алтысына жұқпалы аурулар бөлімінде тест тапсырады. Сөйтіп коронавирусты өзі де жұқтырғанына көзі жетеді.

"ТЕСТ АЛМАЙ ШЫҒАРДЫМ"

Тест нәтижесі расталғаннан кейін ата-анасы, эндокринолог дәрігер, учаскелік дәрігер, медбике барлығы 5 адам карантинге жатқызылған. Өзін инфекциялық ауруханаға әкеткен. Бірақ екінші рет тесттен өткізбеген вирусологтар "қанды зерттейтін тест жоқтығын" айтқан.

Қазақстандағы ауруханалардың бірі. Наурыз 2020 жыл.
Қазақстандағы ауруханалардың бірі. Наурыз 2020 жыл.

Бұл мәселе жайлы түсініктеме берген облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұловтың сөзінше, диагноздары нақтыланған науқастардан тек шығарда ғана қайтадан тест алынады, емдеген кезде сынама алынбайды.

Ал Толқынай Ордабаеваның сөзінше, Меркіде карантинде жатқан адамдарды шығаратын кезде де сынамасын облыстағы мамандар қабылдамаған.

Облыстағы вирусолог маман "сынаманы тек Алматыда тексереді, Алматы жабық" деп қайтарды. Облыстағы эпидемиолог мамандар шығара беріңіз деген соң 6 адамды карантин біткен соң қайтадан тест алмастан шығардым", деді дәрігер Азаттық тілшісіне телефон арқылы.

Әзірге облыстық көрсетілетін қызметтер мен тауардың сапасын бақылау департаменті бұл мәселеге жайлы пікір білдірген жоқ. Ал денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұловтың сөзінше, карантинге алынған адамдардан сынама алынбайды, экспресс тест алынады.

Видео: Коронавирус тарап жатқанда дәрігерлердің шағымы көбейді

Коронавирус тарап жатқанда дәрігерлердің шағымы көбейді
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:44 0:00

Қазір Толқынай Ордабаева жұқпалы аурулар ауруханасында емделіп жатыр. Біршама тәуір боп қалғанымен, көкірек тұсы әлі де ауырады.

Коронавирус жұқтырған эпидемиолог дәрігермен бір палатада жатырмын, оны бастапқыда жұмыссыз, кейінірек жай ғана медицина қызметкері деп тіркепті, дейді Толқынай.

Толқынай Ордабаевамен бір палатада жатқан дәрігермен сөйлесу мүмкін болмады, ал облыстық көрсетілетін қызметтер мен тауар сапасын бақылау департаменті бұл ақпаратты растаған жоқ.

Толқынай таяуда дәрігерлерге үстеме ақы төлеу жөніндегі үкімет шешімін де естіген. Бірақ басшылар оның үстеме ақы алатын дәрігерлер тізімінде жоқтығын айтқан көрінеді.

"САНАСАТЫН УАҚЫТ ЕМЕС"

Толқынай Ордабаева бастан кешкендерін әлеуметтік желіге жариялаған соң қоғамда түрлі пікір пайда болғаны байқалды. 8 сәуірде облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұлов брифинг өткізіп, мән-жайды түсіндіруге тырысты.

Марат Жұманқұлов, Жамбыл облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы. Тараз, 8 сәуір 2020 жыл
Марат Жұманқұлов, Жамбыл облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы. Тараз, 8 сәуір 2020 жыл

Жұқпалы ауруларды емдеу инфекционист дәрігердің міндеті. Қазір барлық дәрігер артығымен жұмыс істеп жатыр. Көп жұмыс істедім деп санасатын уақыт емес. Әріптесіміз стресс жағдайында шағымданған шығар, деді ол.

Марат Жұманқұловтың сөзінше, Толқынай Ордабаеваның 3 сәуірде қызуы көтерілгенін айтып шағымданғаны, кейінірек сынамасы алынғаны рас.

Толқынай Ордабаева "сынама тапсырмай-ақ қоюды сұрады" деген аурухананың қазіргі басшылығымен сөйлесуге мүмкін болмады. Ауруханының бұрынғы басшысының үстінен 6 ай бұрын қылмыстық іс қозғалған.

Мұрат Жұманқұлов Меркі ауруханасындағы маска мен қорғаныш киімін жетіспегенін де жоққа шығарды. Ресми мәліметке қарағанда, ауруханада мыңнан астам бір реттік медициналық, 1600 көп реттік маска және 1200 қорғаныш киім бар.

Басқарма басшысы Толқынай Ордабаеваның үстеме ақысы жайлы да айтты. Оның сөзінше, осы айда Меркі ауруханасының 20 қызметкері коронавирус жұқтырған науқастармен тікелей жұмыс істеген. Олардың бәріне үстеме ақы төленуі тиіс.

Үстеме ақы мәселесін мемлекеттік комиссия шешеді. Комиссия тізімінде Толқынай Ордабаеваның аты-жөні бар, деді ол

Осы жағдайдан кейін Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасы аудандық аурухана қызметін тексеріс басталғанын хабарлады. "Толқынай Ордабаеваның ауырғаны жайлы ақпарат жасырын емес, ол ақпараттар денсаулық сақтау министрлігінің тауар мен қызмет қауіпсіздігінің сапасын бақылау комитетіне берілген" деп жазылған баспасөз мәлімдемесінде.

Коронавируспен күрес штабының хабарлауынша, Қазақстанда "коронавирус жұқтырды" деп тіркелгендердің 120-сы медицина қызметкерлері.

Бұған дейін Қазақстан билігі коронавирустан емдеуге қатысқан дәрігерлерге 250-850 мың теңге аралығында үстеме ақы төленетінін, коронавирус инфекциясы жұққан жағдайда 2 млн теңге көлемінде сақтандыру төлемі берілетінін жариялаған. Коронавирус жұқтырғандарды емдеуге қатысқан кейбір медицина қызметкерлері оған күмәнмен қараған.

Соңғы мәліметтерге қарағанда коронавирус жұқтырғандар Жамбыл облысында 45 адамға жеткен. 11 адам шекара пунктінен, 6 жолаушы Делиден келген әуе рейсінен анықталған. Тараз қаласында - 5, Қордай ауданында – 18, Меркі ауданында – 2, Шу, Мойынқұм және Жамбыл аудандарында коронавирус жұқтырған бір-бір адамнан бар. Қазір 273 адам стационарлық карантинде, оның 8-і медицина қызметкері, 851 адам үй карантинінде жатыр.7 сәуірден бастап Тараз қаласында, 9 сәуірден бастап Жамбыл облысында карантин жарияланды. Бүгін жарияланған мәліметке қарағанда коронавирус жұқтырғандар Қазақстанда 709 адамға жетіп, 51 адам сауығып шыққан, 7 адам қайтыс болған.

P.S. 9 сәуірде "Нұр Отан" партиясының бақылау комиссиясы дәрігер айтқан сөзінен кейін тексеру жүргізіп, Мерке ауданы ауруханасының әкімшілігі медицина қызметкерлеріне маска тігуді талап еткенін растады. Партия дәрігер шағымынан кейін аудандық аурухананың бас дәрігерінің міндетін атқарушы Данияр Нүсіпбеков пен денсаулық сақтау саласына жетекшілік ететін аудан әкімінің орынбасары Марат Қасым жауапқа тартылғанын мәлімдеді.


  • 16x9 Image

    Ақсәуле ӘБІТАЙ

    Ақсәуле Әбітай - Азаттықтың Жамбыл облысындағы тілшісі. Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG