Accessibility links

Ресейде түрмедегі бүліктен тұтқындардың қаза болғаны хабарланды


Ангарск қаласындағы №15 колония. Иркутск облысы, Ресей. Сәуір айы, 2020 жыл.
Ангарск қаласындағы №15 колония. Иркутск облысы, Ресей. Сәуір айы, 2020 жыл.

Ресейдің Иркутск облысында бүлік болған түрме өртенгеннен кейін оқиға орнынан бір тұтқынның денесі табылған. Иркутск облысының адам құқығы жөніндегі уәкіліне сілтеме жасаған ТАСС агенттігі адам өлімінің себебі хабарланбағанын жазды. Baza басылымы колонияға арнайы жасақ кіргізілген кезде бір тұтқынның өзіне қол жұмсағанын хабарлады.

Құқық қорғаушы Павет Глущенко бұған дейін әлеуметтік желіде видео жариялаған болатын. Онда бір тұтқын "екі адам өлді", арнайы жасақ барлығын "өлтіріп жатыр" деп айтады. Ал федералдық қылмыстық жазаны атқару қызметі бұған дейін "адам өлімі болған жоқ" деп мәлімдеп, жағдайдың бақылауда екенін айтқан.

Ресейдің ақпарат құралдарының хабарлауынша, осы апта соңында тұтқындар мен түрме әкімшілігі қызметкерлері арасында қақтығыс болған, бірнеше түрме ғимараты өртенген. Құқық қорғаушылардың айтуынша, арнайы жасақ өкілдері мекемеге түтін құты лақтырғаннан кейін өрт тұтанған.

Бұған дейін түрмедегі бүліктен 300 тұтқынның жарақаттанғаны хабарланған еді. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалған.

Федералдық қылмыстық жазаны атқару қызметінің ресми өкілі жұма күні Иркутск облысындағы тұтқындардың бірі сақшыға шабуыл жасағаннан кейін бүлік басталғанын айтқан еді.

Ал құқық қорғаушылардың айтуынша, бүлікке түрме әкімшілігінің тұтқындарды тұрақты түрде жәбірлеп-қорлауы себеп болуы мүмкін. Осыған дейін тұтқындар түрме әкімшілігіне қысымына шағымданып, видео түсірген.

"Русь Сидящая" қозғалысының жетекшісі Ольга Романова "Америка дауысының" Орыс қызметіне тағы бірнеше колонияда өрт болғанын, кей түрмемен байланыс үзілгенін, кейбірінде тұтқындардың наразылық жасайын деп отырғанын айтқан. Романованың айтуынша, бұл түрмелерде сақшылар тұтқындарды жиі ұрып-соғады. Коронавирус та жағдайды ушықтырып жіберген. Қазір тұтқындарға туыстарымен, адвокаттарымен кездесуге тыйым салған. Бақылау комиссиясының келуіне рұқсат жоқ.

Оқи отырыңыз: Ресейде түрмедегі бүліктен 300-ден астам тұтқынның жарақаттанғаны хабарланды

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG