Accessibility links

Трамп мәлімдемесінен кейін бірқатар елдер ДДСҰ-ның маңызды рөлін айтты


ДДСҰ-ның Женевадағы штаб-пәтерінің сыртына ілінген логотип. Швейцария.
ДДСҰ-ның Женевадағы штаб-пәтерінің сыртына ілінген логотип. Швейцария.

АҚШ президенті Дональд Трамп Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымын сынап, қаржыландыруды тоқтататынын мәлімдегеннен кейін бірқатар елдер мен халықаралық ұйымдар, қоғамдық ұйым өкілдері ДДСҰ-ның коронавируспен күрестегі маңызды рөлін атап өтті.

Бұған дейін АҚШ президенті ДДСҰ індет кезінде өз міндетін дұрыс атқармады деп айыптаған. Трамптың пікірінше, БҰҰ құрылымына қарасты ұйым Қытайдан түскен хабарламаларды мұқият зерттеген болса, індеттің таралуына жол бермей, талай адамның өмірін сақтап қалар еді. Оның ойынша, ұйым Қытай берген мәліметтерге қатты сеніп, қателескен. Трамп Вашингтон "басқарманың жіберген қателіктерін анықтап болғанша" екі-үш ай ұйымды қаржыландырмайды деп айтқан.

ДДСҰ-ның негізгі демеушілерінің бірі бизнесмен, филантроп Билл Гейтс Трамп шешімін өткір сынап, президент әрекетін қауіпті қадам деп атады.

Еуроодақтың сыртқы саясат жөніндегі жоғарғы өкілі Жозеп Боррель қазір ДДСҰ қолдауға қатты зәру, мұндай жағдайда Трамптың әрекетін ақтауға болмайды деді.

Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон кеңсесі Лондон денсаулық сақтау саласында маңызды рөл атқаратын ДДСҰ-ны қаржыландыруды тоқтатпайды деп мәлімдеді.

Қытай сыртқы істер министрлігі АҚШ президентінің шешімі халықаралық әріптестікке нұқсан келтіреді деп айтты.

Австралия премьер-министрі Скотт Моррисон Трамп мәлімдемесінің мәнін түсінетінін, бірақ ДДСҰ-ның маңызды рөл атқаратынын жоққа шығара алмайтынын жеткізді.

ДДСҰ басшысы Тедрос Гебреисус "қазір бар күш-жігер індетті тоқтатуға жұмылдырылған, сондықтан қол қусырып отыруға болмайды" деді. БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш ДДСҰ жұмыс істей беруі үшін оған ресурс бөлінеді деп айтты.

Бұған дейін АҚШ-тың өзінде Дональд Трампты вирусты тоқтату үшін жеткілікті дәрежеде күш салмады деп бірнеше рет сынаған. АҚШ вирус жұқтырғандар саны бойынша әлемде алда тұр. Мұнда 600 мыңнан астам адамнан вирус табылған. 26 мың адам қайтыс болған. Өкілдер палатасының мүшесі демократ Элиот Энгель "қазір президент қоғам назарын басқа жаққа бұру үшін барлық амалды қолданып жатыр" деп мәлімдеген. Ал көптеген республикашылдар, Трамп жақтастары президенттің ДДСҰ-ға қатысты шешімін "дұрыс қадам" де бағалады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG