Accessibility links

Түрмедегі белсенді Макс Боқаевтан "заңсыз телефонға" қатысты жауап алынғаны хабарланды


Белсенді Макс Боқаев.
Белсенді Макс Боқаев.

Ақтөбедегі КА-168/2 түрмесінде жазасын өтеп жатқан атыраулық белсенді Макс Боқаевтан «ұялы телефонды заңсыз қолданды» деген күдікпен жауап алынғаны туралы ақпарат тарады. Бұл туралы құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина Facebook желісіндегі парақшасында жазды.

Құқық қорғаушының Азаттыққа айтуынша, 15 сәуір күні кешкі сағат 22.00-ден өте бере Макс Боқаев қоңырау шалып, "заңсыз телефон" жайлы өзінен жауап алғанын хабарлаған. Бақытжан Төреғожина "оның дауысынан дегбірсізденіп және таңғалып тұрғаны аңғарылды" дейді.

Төреғожинаның айтуынша, Макс Боқаевтан ақтөбелік белсенді Алтынай Түксікова жайлы сұрап, белсендінің телефонына колониядан ұялы телефоннан біреу хабарласқанын, сол телефонды іздестіріп жатқанын айтқан.

«Белсенді Алтынай Түксіковаға Боқаев екі рет қоңырау шалып, хат-хабар жеткізгені үшін алғыс айтқан және мұны Түксікова әлеуметтік желіде жариялаған» дейді ол.

Азаттық тілшісі Ақтөбе облыстық қылмыстық атқару жүйесі комитеті департаментінен жауап ала алмады. Дегенмен ресми мекеме Facebook желісіндегі құқық қорғаушының постына жауап жазып, Макс Боқаевтың тек рұқсат етілген таксофоннан ғана хабарласатынын мәлімдеп, "анықталмаған ақпаратты жариялаудың заңдық жауапкершілігі туралы" ескерту жасаған.

Бақытжан Төреғожина ресми органның бұл әрекетіне бейжай қарамау керек деп санайды. Ол карантинге қарамастан елдегі азаматтық белсенділерден жауап алынып жатқанына қатысты пікірін айтты.

- Мәселе тек Макс Боқаевта емес. Ол өзара әңгімеде «мен бәрін ашық жасаймын, тек ресми таксофоннан ғана сөйлесемін» деп астын сызып айтты. Бірақ Қазақстанда пандемияға қарамастан азаматтық белсенділердің аккаунттарын қадағалау, оларды банк маңындағы топты (төтенше жағдай кезінде берілетін қаржылай көмекті алуға жиналған халық - ред.) түсіргені үшін ұстау жалғасып жатыр. Бұл белсенділерге қысым, - деді құқық қорғаушы.

46 жастағы Макс Боқаев 2016 жылы сәуірдегі жер митингілерінен кейін тағы бір атыраулық белсенді Талғат Аянмен бірге "әлеуметтік араздық тудырды", "жалған ақпарат таратты" және "митинг өткізу заңдарын бұзды" деген айыппен бес жылға сотталған еді.

Оқи отырыңыз: "Қазіргі жағдайда түрмеде отыру өкінішті де, ұят та емес"​. Макс Боқаев сұхбаты.

2018 жылы сот Талғат Аянның түрмеден мерзімінен бұрын босату туралы өтінішін қанағаттандырып, оның жазасын шартты түрге алмастырған. Ал 2019 жылы шілдеде Атыраудағы №2 қалалық соты Талғат Аянды жазадан толық босатты. Макс Боқаев "қамаудан уақытынан бұрын шығуға сұранбайтынын, өзін толық ақтауды талап ететінін" мәлімдеген болатын.

Ресми дерек бойынша, Қазақстанның түрлі қалаларында төтенше жағдай және карантин кезінде 5130 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған: 2479 адамға айыппұл салынған, 1626 адам қамалған. Олардың арасында азаматтық белсенділер де бар.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG